Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, теміржолшылар шаһарында атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын саралады. Алты сағатқа созылған алқалы жиында тапсырмалардың орындалуы егжей-тегжейлі пысықталды.
Басқарма басшылары мен қалалық әкімдіктегі дербес бөлімдердің меңгерушілері және ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен мәжілісте атқарылған жұмыстар мен берілген тапсырмалардың орындалу барысы жан-жақты таразыланды. Бұл жолы да аудан, басқарма басшылары ғана емес, ауыл әкімдері мен бөлім мамандарына дейін көтерілген мәселелер бойынша жеке-жеке жауап берді, атқарған жұмыстарын баяндады.
Қала әкімі С.Ертайдың есебін тыңдаған өңір басшысы әр салаға жеке-жеке тоқталып, тапсырмаларды дер кезінде әрі сапалы орындамаған жауапты тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын айтып, бірқатар лауазымды тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сай емес деген баға берді.
Есептік жиында ауыл әкімдерінің жұмысы, елді мекендерде санитарлық тазалықтың сақталуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда кеткен кемшіліктер мен өзекті мәселелер тиянақты талданды. Әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше мән берген өңір басшысы осы салада салғырттыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, аймақтағы бүкіл құрылыс сапасын жіті бақылауда ұстауды міндеттеді.
Сондай-ақ пайдалануға берілген нысандардың сапасын бақылауды жергілікті ауыл әкімдері мен мекеме басшыларына тапсырған облыс әкімі ай сайын әрбір нысанның басына барып, ондағы ахуалмен танысып, облысқа шынайы ақпар жолдауды талап етті.