$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-дағы діни ахуал бақылауда

Батыс Қазақстан облысында ақпараттық-түсіндіру топтарының 148 өкілі өңір тұрғындарына теріс діни ағымдардың қауіп-қатері туралы түсіндіріп, идеологиялық жұмыстармен айналысып келеді.

Жалпы, биыл Батыс Қазақстан облысындағы діни ахуал тұрақты. Өңірде 9 конфессияға қарасты 78 діни субъект тіркелген. Олардың қатарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 46 филиалы, 19 православ шіркеуі, бір буддалық діни бірлестік, бір католик шіркеуі және 11 протестанттық мінәжат үйі бар. Сонымен қатар, облыс аумағында 8 діни миссионер жұмыс істейді. Олардың жетеуі шетел азаматы, барлығы да БҚО бойынша Дін істері басқармасына тіркелген. Бұдан бөлек, өңірде діни әдебиет сатуға және таратуға арналған 16 нысан бар. БҚО әкімдігінің қаулысымен діни мінәжат етуге арналған 4 орын бекітіліпті.

Қазіргі таңда аймақта ақпараттық түсіндірумен айналысатын 14 топ бар. Олардың құрамында барлығы 148 маман жұмыс істейді. Олар экстремизм мен терроризмді алдын алу, халықтың діни сауатын арттыру және дінаралық татулықты нығайту мақсатында жергілікті тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Мәселен, жыл басынан бері барлығы 7 044 адамды қамтыған 258 іс-шара өткен. Сондай-ақ, өткен айдың соңында Қазталов, Жәнібек, Бөкейорда, Жаңа қала, Ақжайық аудандарында 200-ге жуық адамның қатысуымен әлеуметтік сауалнама жүргізіліпті. Тұрғындар өңірдегі діни ахуалға қатысты өз пікірлерін айтқан.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Нұрахметов Орал қаласындағы №25 мектептің базасында өткен педагогтардың тамыз конференциясына қатысты. Аталған жиында мұғалімдер білім беру саласына енгізіліп жатқан реформаларды, жаңа оқулықтар бойынша сабақ өту әдістерін және оқушылардың діни сауаты секілді өзекті мәселелерді талқылаған.

Ал, облыстық Дін істері басқармасының мамандары жергілікті телеарналар арқылы тұрғындарды экстремизм мен терроризмнен сақтандырудан жалыққан емес. Мәселен, басқармаға қарасты діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Азамат Төлепов, әкімшілік бөлімінің басшысы С.Галлам, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Нұрахметов, облыстың бас имамы Е.Қарақұлов, №1 мектеп директоры Н.Дәулетқалиева мен №37 мектеп директоры Т.Мұрадимова «Айтарым бар» ток-шоуына қатысып, «Облыстағы діни жағдайдың деңгейі» тақырыбында пікір алмасты.

Сонымен қатар, облыстың теологтары түрмеде жазасын өтеп жатқандарды да назарынан тыс қалдырған емес. Олар барлығы 18 жеке және 14 жалпы кездесу өткізіп, барлығы 348 сотталушымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары