$ 494.87  520.65  4.91

Үміттің алқызыл желкені

Жезқазған қаласы әкімдігі, қалалық «Мәдениет және тілдері дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен аймақтық «Үміттің алқызыл желкені» атты көркемөнерпаздар шығармашылығының фестивалі өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байқауға Сәтбаев және Жезқазған қалаларынан ерекше дарын иелері үлкен ынтамен қатысты.

Бұл фестиваль Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ елін – жерін өзінің сән – салтанаты сәулетімен, әсем, кербез келбетімен барша әлемге паш еткен Елордамыз Астананың мерейлі 20 жылдығы құрметіне арналды.

Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050» ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға әркез қолдау мен көмек көрсетуіне арнайы тоқталып, ол кісілерге көбірек көңіл бөліп, қоғаммен тығыз аралсатырып, Қазақстан бұл жандар үшін кедергісіз аймаққа айналуы тиіс деген болатын.

Жалпы аталған байқаудың мақсаты ерекше жандардың өмірге – қоғамға бейімделіп, шығармашылық жаңа достар тауып, кез келген ортада өздерін жәйлі сезінуіне мүмкіндік туғызу. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты ұғынып, мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың қалыпты дамыған адамдармен әлеуметтік жағынан да, саяси, азаматтық, экономикалық, мәдени жағынан тең құқылы екендігі осындай игі шаралармен дәлелдеу.

Өнер сүйер қауыммен қонақтарды, өнерпаздарды Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы Ақылбекова құттықтап, сайысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.

Фестиваль хор, вокал жанры мен мимика арқылы ән салу, хореография, цирк өнері мен клоунада, көркем сөз оқу және спорттық ойында тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, шағын футбол, пауэрлифтинг, тир, шахмат, дойбы, қол күрес, үстел тенисінен бақтарын сынады. Сондай-ақ байқау аясында суретшілер, фотографтар мен қолөнер шеберлерінің «Менің әлемім» атты көрме келушілердің таңданысы мен зор қызығушылығын туғызды.

Өте белсенді қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген Жезқазған қаласындағы «Айсұлу» бөбекжайы, мамандандырлыған «Лира» үйі, «Аялы алақан» орталығы, Сәтбаев қаласының «Қазақстан халқының рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығы», «Ақ сауыт» қоғамдық бірлестігі, Жезқазған қаласындағы №21, №10, №13, №3 жалпы білім беретін орта мектептері, Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы және Жезқазған қаласының қарттар мен мүгедектерінің медициналық әлеуметтік мекемесінің өнерпаздары ұйымдастырушылар тарапынан диплдомдар мен қаржылай сыйақымен марапатталды. Олардың жетекшілеріне де естелік сыйлықтар тапсырылды.

Кеш қонағы жақында қаламызда өткен республикалық «Сиқырлы гитара тілімен» атты авторлық және бардттық әндер байқауында бас жүлде иеленген

алматылық Игорь Рогожников керемет әндерін шырқап, аталған фестивальдің шырайын кіргізіп, көрермендердің ыстық ықыласына кенелді. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп, ұйымдастырушыларға қатысушылар да олардың ата – аналары да шексіз ризашылықтарын айтып тарқасты.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары