$ 487.37  532.94  5.09

Ынтымақ жеңіске бастайды

Жезқазған қаласындағы С.Сейфуллин атындағы кітапхананың мәжіліс залында «Үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ, жергілікті органдар арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында өткен семинарды Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Семинарға жергілікті атқарушы орган өкілдері мен Жезқазған, Сәтбаев қалалырының тілшілері, сондай-ақ аймақтағы қоғамдық бірлестіктердің төрағалары қатысты.

Семинардың алғы сөзін алған «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Эльвира Алпанбаева жиынның мақсат-міндеттеріне тоқталып, Теміртау қаласынан арнайы келген лекторларды таныстырды. Олар: «Мой дом» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ирина Жданова мен Теміртау қалалық ІІБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы Светлана Гаркуша. Үкіметтік емес ұйымдардың бүгінгі қоғамдағы рөлі зор екенін атап өткен қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Жанар Жетпісбай біздегі қоғамдық бірлестіктер билік пен халық арасында тығыз жұмыс жасайтынына сенім білдірді.

Тізгінді қолына алған «Мой дом» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ирина Жданова өз жұмысын мысалға келтіре отырып, ҮЕҰ, БАҚ және билік органдары бірлесе әрекет еткенде қолға алынған қай іс болмасын жемісті аяқталатынын жеткізді. Алғашында 1994 жылы бастамашыл топ ретінде құрылған Ирина Владимировна мен оның жақтастары есірткіге тәуелді балалары бар отбасыларға психологиялық қолдау көрсетуді мақсат еткен. Осылайша, отбасындағы мәселелердің күрделене түскенін байқаған бастамашыл топ қоғамдық бірлестікке ауысып, қиын өмірлік жағдайда қалған әйелдер мен балалардың жанынан табылып жүр. Бес жыл бұрын еліміздегі Жапонияның елшілігі ұсынған грантты жеңіп алған қоғамдық бірлестік дағдарыс орталығын ашқан. Бүгінде мұнда барар жері, басар тауы қалмаған балалы аналар көмек сұрай келеді. Және өзіне қажетті қолдауды табады да.

– Біздің қоғамдық бірлестік БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста. Мысалы былтырғы жылы біздің жұмысымыз жайлы 27 репортаж түсіріліп, газет беттерінде жарияланды. Одан бөлек, қоғамдық бірлестік мүшелері, дағдарыс орталығының тұрғындары түрлі тақырыптағы түсірілімдерге қатысады. «Мой дом» қоғамдық бірлестігі жергілікті тілшілермен бірлесіп ой салатын бейнероликтер әзірлейді. Мемлекеттік органдармен де өзара әріптестік бір жолға қойылған. Мысалы, бір жылдың ішінде қалалық ішкі істер басқармасы панасыз қалған 37 ананы дағдарыс орталығына жөнелтті. Көріп тұрғандарыңыздай, бірлесе атқарған жұмыс өнімді де, – деген Ирина Жданова жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау жағдайы көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, ҮЕҰ осы бағыттағы жұмысты күшейтуі керек дегенді алға тартты. 13-17 жас аралығындағы жеткіншектердің арасында суицидтік жағдай бойынша еліміз 10 орынан табылатынын айтқан Светлана Гаркуша жергілікті қоғамдық бірлестік өкілдерінің мемлекеттік органмен байланыс орнату хақындағы сұрақтарына жауап берді. «Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, семинар соңында қатысушылар ынтымақтаса әрекет еткенде ғана көздеген мақсатқа жетуге болатынын түйді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары