Қазақстандық Айнұр Айдарбекова 26 жыл бұрын балалар үйіне тастап кеткен қызына іздеу салды. Ол кешірім сұрағысы келетінін жеткізген деп жазады Nur.kz.
Әйел Алматы облысысындағы Қапшағайда туып өскен. Айтуынша, ата-анасы оған емес, інісіне көп көңіл аударған.
«Мен ата-анамнан жылулық көрмей өстім. Олар қатал тәрбиеледі. Маған үнемі жақтасып жүретін атам қайтыс болып кеткеннен кейін мүлдем жалғыз қалдым. Сол кездері бір жігітпен танысып, ол атамның орнын баса бастады. Бірде ол мені туған күн кешіне шақырды. Біз сол түні жақындасып қойдық. Содан кейін жүкті болып қалдым. Жігіттің отбасымен анам сөйлесіп көрген еді, бірақ ол басқаға үйленетін болып шықты. Сөйтіп жүктіліктің 5 айлығына жеткенде анам мені Алматыдағы 5-перзентханаға жатқызды. Сәбиімді сол жерде босандым», – дейді әйел.
Алайда, босанғаннан кейін ата-анасы баланы қабылдамайтындарын айтыпты. Перзентханада бір заңгер Айнұрға баласын тастауға мәжбүрлеген. Сөйтіп қызынан бас тарту хатын әйел амалсыздан жазғанын айтады.
«Заңгер менің әлі жас екенімді, әлі де тұрмысқа шығатынымды айтты. Бірақ мен ата-анамды баламды өзіме алуға көндіремін деп ойладым. Кейін перзентханаға барғанымда қызымды төрт айлығында басқа біреулердің асырап алғанын білдім. Одан кейін мен тұрмысқа шықпадым. Бала бағушы болып жұмыс істедім, өз сәбиім болмады. Осы уақытқа дейін Америкада тұрдым. Қазақстанға жақында ғана келдім. Ендігіде қызымды тауып, қателігім үшін одан кешірім сұрағым келеді», – дейді Айнұр.
Әйел қызына Сәуле Айдарбекова деп есім қойған. Ол 1992 жылы 21 маусымда Алматыдағы 5-перзентханада дүниеге келген екен.