Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәңгілік Ел» телеарнасын ашуды ұсынды. Мұндай ұсынысты ол бүгін Астанада өтіп жатқан республикалық патриоттар форумы барысында айтты.
«Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең жоғарғы, ең мәртебелі төрі мен мінбері БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатты. Қазақ тілі тұңғыш рет осындай дүниежүзілік дәрежеге көтерілді. Тәуелсіз Қазақстан халқын бір мақсатқа жұмылдыратын жалпыұлттық идея, Ұлы дала кеңістігіндегі «Мәңгілік ел» стратегиясы – 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы – ұлтымыздың жарқын болашағы. Ассамблея атынан алдағы уақытта халыққа, ұрпаққа осыны мейлінше жеткізу, тек қана өзіміздің мемлекетке қана емес, көрші елдерге, алыс мемлекеттерге жеткізу мақсатында арнайы «Мәңгілік Ел» бағдарламасын не болмаса «Мәңгілік Ел» телеарнасын жариялап, жұмыс істетуге ұсыныс жасағым келеді», – деді Қуаныш Сұлтанов.
Айта кетейік, Астанада «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» тақырыбын арқау еткен республикалық патриоттар форумы өтіп жатыр. Форумға республиканың барлық өңірлерінен 2000-нан астам делегаттар жиналды. Олар :дәрігерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер, өнеркәсіп, аграрлық сала өкілдері, ғалымдар, қоғамдық қайраткерлер, спортшылар, актерлер мен мәдениет қайраткерлері бар.
Естеріңізде болса, патриоттар форумы 2007 жылдан бері Қазақстанның әр түрлі қаласында өткізіліп келе жатыр. Биылғы форум Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналады.