$ 524.65  552.19  5.14

«Аяқ-қолым ісіп кетеді»: Алматыда жүкті әйел көлік жуып күн көріп жүр

Түрлі-түрлі тағдырларды естіп-біліп жатырмыз. Кейбірін көріп те жүрміз.  Мұңын айтып, мәселесін шеше алмай жүргендер қаншама? Сондай жандардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Ақбота Кимерхан деп жазады zamana.kz.

Ақбота қазір 25 жаста. Екі баланың анасы. Бүгінде үшінші перзентке жүктіліктің алтыншы айында. Сөйте тұра күйеуі екеуі көлік жуу орнында жұмыс істейді. Күнкөріс қамы, әрине. Жалақысын да келетін көлік санына қарай алады. Жұмыс жақсы жүрген кездері күндігіне 5 мың теңгеге дейін алса, кей күндері табыссыз қайтатын көрінеді. Айтуынша, көктем мен күз айларында жауын-шашынның көп болуына байланысты келушілер де жиілейді екен.

Өздері «Айнабұлақ» шағын ауданында айына 30 мың теңге төлеп, бір бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Екеулеп көлік жуып, бірінші кезекте пәтер ақысы мен азық-түліктің ақшасын шығарып қояды. Алатын айлықтарының мөлшері одан арғысына жетпейді де. Бір қинайтыны, балаларын жұмыс орнына өздерімен бірге алып баруға тура келеді екен. Себебі қарайлайтын адам жоқ. Үлкен ұлы 4-те болса, кішісі 1,5 жаста ғана.  

«Балаларды осында ертіп келеміз. Ол үшін бастығымыздан рұқсат алдық. Біздің баланы тастайтын жер таппай, қиналып жүргенімізді көрген соң көнуіне тура келді. Жұмыс уақыты таңертеңгі 9-дан түнгі 12-ден асқанша. Балаларым шыдамай, басында мазасызданып, жылайтын. Қазір олар да үйренді. Жұмыс орнымызда кішкентай ғана бөлме бар. Оларды сол жерге ұйықтатамын. Қайтарда күйеуім такси ұстап алып келеді, содан соң оларды көтеріп үйге алып қайтамыз.

Ішім өскен сайын жұмыс істеу де оңайға түсіп тұрған жоқ. Үйге келген соң аяқ-қолым ісіп кетеді. Қақсайтыны да бар. Жұмысқа шықпайын десем, жолдасымның жалғыз өзінің тапқаны түкке жетпейді. Босанған соң онсыз да үйде отыруыма тура келеді ғой, – дейді ол.

Ақботаның жолдасы Қарақалпақстан азаматы екен. Қазақстан азаматтығын әлі алмаған. Жат елдік болған соң оны ұстап алып, қамап қоя беретін көрінеді. Тексе­рушілер келсе, жолдасын үйге жасырып, әуреге түседі екен.

– Күйеуімнің ешқандай жаман әдеті жоқ. Отбасын асырау үшін жанын салып жүр. Әйтеуір тығылып жұмыс істесе де ақша табуға тырысады. Біреулер мені «өзге ұлт өкілінің етегінен ұстады» деп жазғыратын да шығар. Бірақ жолдасым жақсы азамат. Біз үйленген 4 жылдан астам уақыт ішінде осыған дейін маған қол көтеріп, мінез көрсеткен емес. Еңбекқор, қолынан бәрі келеді. Тәрбиесі де жақсы. Басында қазақ екен деп ойлағаным рас. Десе де оған тұрмысқа шыққаныма еш өкінбеймін.

Өткен жылы оны бір рет қамап қойды. Қарызға ақша тауып, соны беріп жүріп, әзер босатып алған едім. Содан бері миграциядан адамдар келгенде күйеуіме дереу тығылып қалуын немесе қашып кетуін ескертемін. Оны ұстап алса, жал­ғыз өзіме күн көру қиын болады. Кейде тексерушілер келгенде ажырасып кеткенбіз деп өтірік айтуыма да тура келеді.

Жолдасым осыған дейін Алматыға келіп-кетіп жұмыс істеп жүрген. Сөйтіп жүргенде мұны депортациялап, Қазақстаннан кетуге 5 күн уақыт беріпті. Әке-шешесі мен қарындасы үйсіз қалған соң осында жүріп жер сатып алуға ақша жинауым керек деп еліне қайтпай қалған. Біз үйленгелі бері Қазақстаннан мүлдем шыққан жоқ. Өзі  біздің елдің азаматтығын алып, Алматыда қалғысы келеді. Өйткені Қарақалпақстанда күн көру өте қиын.

Қазір азаматтық ала алмай қиналып жүр. Барлығы ақшаға келіп тіреліп тұр. Оған әзірге шамамыз жетіңкіремей жатыр. Оның үстіне бұл ауылына барып, тіркеу­ден шығып келуі үшін біраз уақыт керек екен. Ол кетсе балалармен жалғыз өзім қиналып қалайын деп тұрмын, – дейді Ақбота.

Әзірге бұл отбасыны қинап тұрғаны – осы азаматтық мәселесі. Шешімі табылса жатпай-тұрмай жұмыс істеуге даяр екендіктерін айтады.

– Жолдасым жалқау емес, бізді өл­тірмейді. Бағады. Мен де қарап жатпаймын, барлық жұмысты алып кете аламын. Бірақ емін-еркін, ешкімнен қорықпай-қашпай өмір сүргіміз келеді. Тек осы құжат жағын дұрыстап алсақ болғаны. Мен босанған соң жолдасымның жұмыс­қа жалғыз шығуына тура келеді. Ол кезде не істейтінімізді білмейміз, – дейді ол.

Міне, қазақтың бір қызының бүгінгі тіршілігі осындай. 

М. ИБРАЕВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары