11.04.2019, 04:11

«Қыздың пәктігін таптады»: Дана Нұржігіт бойжеткеннің тағдырымен ойнаған бағдарлама ұжымын сынға алды

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт «Өз ойым» бағдармасында пәктігін саудаға салған бойжеткеннің тағыдырына алаңдап, Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазба қалдырды. 

Дана Нұржігіт телеарнада тәжірибесі бар адам ретінде бұндай өтіріктердің болатынын мойындады. Алайда бағдарлама ұжымы қыздың намысын таптап, абыройын төкті дейді ол. 

«Нұрболхан Шараповтың парақшасынан Айнұр Жәнібекованың әңгімесін тыңдадым. «Өз ойымда» «пәктігін саудаға салған» кейіпкер. Арзан атақ іздеген қызды хабар авторлары шақырып, аузына сөз салып берсе, сонысын мойындап бағдарламаның «ішкі кухнясын» ашу керек. Өйткені, бұл бір адамның тағдыры.

Мұндай технологияларды білмейді емес, білеміз. Мәселе, соған бару немесе бармауда. Арды аттамауда. Ал мына жағдайда хабар авторлары қыздың пәктігін таптап, ертеңіне тастап кететін жігітсымақтардан қай жері артық?! Бұл қыздың тағдыры ғана емес, сүйекке таңба! Ұлтқа сын», –  деп жазды Дана Нұржігіт.

Еске сала кетейік, апта басында заңгер әрі блогер Айгүл Орынбек Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Өз ойым» бағдарламасын жабуды талап еткен болатын. Кейін желі қолданушылары да бағдарламаның ұлттық тәрбиеге кері әсерін тигізіп жатқанын айтып шуласты. 

Осыдан кейін ток-шоу продюсері Жангелді Таңатбекұлы үндеу жариялап, бағдарлама жайлы ұсыныстары бар адамдарды жеке сөйлесуге шақырған болатын.