17.04.2019, 12:19

Қостанайда есірткі жарнамалаған сайт бұғатталды

Қостанай қаласындағы автокөлік сатуға арналған сайт сот шешімімен заңсыз деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қостанай қалалық сотына интернет желісіндегі көлік сату сайтын заңсыз деп тану, Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметін тоқтату туралы арызымен қала прокуроры жүгінді. 

«Талап негізінде осы сайттың ҚР аумағындағы барлық интернет қолданушыларының еркін қол жеткізу мүмкіндігі бар екені көрсетілген. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қарсы келетін мәліметтерді қамтитындығына, яғни, онда есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын сату, тәсілі, әзірлеу әдісі, дайындау, пайдалану және тыйым салынған заттарды сатып алу орындары ашық насихатталатыны дәлелденген. Жоғарыда аталған сайттың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына тікелей қайшы келетіндігіне, сонымен қатар, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретініне байланысты, сот Қостанай қаласы прокурорының аталған сайтты заңсыз деп тану негізіндегі арызын қанағаттандырды», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында. 

Сот көлік сату сайтының қызметін тоқтату және ҚР аумағында таралуына тыйым салу туралы шешім шығарды.