26.06.2019, 19:18

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жалған ақпаратпен халықты даурықтырмауға шақырды

Шымкент шаһары бойынша осы сағаттарда тіркелген мәліметтер бойынша Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайлардан зардап шеккен 47 адам – қалалық, ал 70 адам облыстық ауруханада жатыр. Оның ішінде 43 бала бар.

Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Бұл – өте ауыр жағдай. Ел басшыларынан бастап барлық қазақстандықтар қолдан келген көмек көрсетуде. Арыстың тұрғындарына азық-түлік, ас-ауқат, гигиеналық заттар, қаржылай жәрдем беріп отырмыз, - деді шаһар басшысы.

Ғабидолла Әбдірахымов бұған қоса сын сағатта халыққа жалған ақпарат таратып, әлекке салмауға шақырды. Әкім әлеуметтік желілер мен мессенждерлерде таралған «10 балдық жер сілкінісі болады», «Көрме орталығындағы гуманитарлық көмектер тоналып жатыр», «бомба жарылады» деген сияқты алыпқашпа әңгіме таратушылардың әрекетін сынап, халықты дүрлікпеуге шақырды.

«SN.kz»-ақпарат.