13 қаңтар күні KTK телеарнасының жаңалықтарынан Шымкенттегі "Самал-3" шағынауданындағы тұрғындардың жанайқайы жайында ақпарат жарияланған болатын. Онда жергілікті тұрғындар полицейлердің әрекетсіздігінен ұрылар байлаулы тұрған иттен бастап көлікке дейін алып кететінін айтып шағымданған. ОҚО ІІД болса аталған ақпараттың жартылай шындыққа жанаспайтындығын айтып ақталды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, сюжетте сұхбат берген үш тұрғынның тек екеуі ғана полицияға барып арыз жазыпты. Оның бірі - жеке кәсіпкер Перизат Сейтенова. Ұрылар әйелдің дүкеніне түнде түсіп, қолына ілінгеннің барлығын алып кеткен. Тіпті, бейнебақылау камерасын да қолды қылыпты. Құқыққорғаушылар болса бұл қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстадық деп отыр. 1992 жылғы азамат өз кінәсін толық мойындап, ұрлаған дүниелерін дүкен иесіне қайтарып берген. қазір тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша қамауда отыр.
Сондай ақ, үйінен жылыту қазандығы ұрланған "Самал-3" тұрғыны да учаскелік полицейге барып арыз түсіріпті. Қазір аталған факт бойынша тәртіп сақшылары іздеу шараларын жүргізуде дейді ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Ал, аулада байланып тұрған иттен көлікке дейін ұрланып жатыр деген Ғалия Ибраеваның сөзін полицейлер жоққа шығаруда. Өйткені, дәл мұндай арызбен ішкі істер органдарына ешкім шағымданып келмеген.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, 5,4 мың халқы бар "Самал-3" шағынауданында атауы жоқ көшелер әлі де болса көп. Бұл өз кезегінде полицейлердің де жұмысын қиындатуда дейді олар. Ал, жалпы дәл осы елдімекенде соңғы бірнеше айда ұрлықпен айналысатын 6 қылмыстық топ ұсталып, 97 факт әшкере болған.