$ 494.87  520.65  4.91

Тәнкеев ісі: күдіктінің туыстары кешірім сұраудың орнына "Құдайдың" атымен қорқытуда (ВИДЕО)

Бүгін Шымкентте көлікке мас күйінде отырып, жол көлік оқиғасын ұйымдастырған Мұрат Тәнкеевтің екінші сот отырысы өтті. Аталған жол апатының салдарынан 4 адам көз жұмған еді. Олардың екеуі 1 және 5 жастағы балалар.

Айта кетейік, қайтыс болғандардың барлығы да бір отбасының мүшелері болатын.

Бүгінгі сот процесі журналистердің қатысуынсыз өтті. Отырысқа қатысқан марқұмдардың туысы айыпталушы тараптан біраз қысым болғанын айтып отыр. Редакциямызға хабарласып, өзінің аты-жөнін айтпауды сұраған әйел сот процесінен кейін Мұрат Тәнкеевтің дауыстап балағаттағанын айтты. Сондай-ақ, оның туыстары жәбірленуші тараптан кешірім беруін талап еткен. Кешірім бермесе жағдайдың қиындайтынын айтып қорқытқан да көрінеді.

Редакцияға хабарласқан әйелдің айтуынша, Мұраттың анасы сотқа дейін оның үйіне бірнеше рет келіп, Құдайдың атымен қорқытып кеткен екен. Сөзіне дәлел ретінде ол осы көріністің бейненұсқасын почтамызға жіберді. Видеоматериалда Мұрат Тәнкеевтің анасына ұқсайтын әйел мен арабша киінген екінші әйелдің қарғыс жаудырғанын анық көруге болады.

Естеріңізге салайық, аталған жол көлік оқиғасы өткен жылдың 22 қарашасында түнде орын алған еді. Шымкенттегі Байтұрсынов көшесімен жүйіткіп келген Lexus LX-570 көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Ауди-80 көлігімен соқтығысқан. Аудиде болған төрт адамның барлығы да көз жұмды. Олар бір үйдің отағасы мен оның ұлы және екі немересі еді. 

Кейінірек анықталғандай, "Лексусты" тізгіндеген Мұрат Тәнкеев оқиға болған кезде спирттік ішімдікке тойып алған. Марқұмның туыстары мен куәгерлер оны сол жерде жазаламақ болған еді. Алайда, іске полиция араласып, күдіктіні уақытша қамау абақтысына жапты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары