Ақтауда 13 жастағы жасөспірім өз анасынан бас тартып, оны ата-ана құқынан айыруды соттан сұрады деп жазады Tumba.kz.
Сот процесі кезінде белгілі болғандай, бала 3 жасқа толғанда анасы оны әкесімен бірге тастап кеткен екен. Сол уақыттан бері жасөспірім әкесімен және оның туыстарымен бірге тұрып келген. Ал, осыдан үш ай бұрын әкесі өмірден өтіп, туыс ағалары балаға "күн көрсетпеген" көрінеді. Мұндай қорлыққа шыдамаған ол үйден қашып, полициядан өзін Жасөспірімдерді оңалту орталығына орналастыруын сұрапты.
Баланың анасы бар екені анықталғаннан кейін судья жасөспіріммен бірге оның анасын да сотқа шақырды. "Неке және отбасы туралы" ҚР кодексінің талаптарына сәйкес, мұндай жағдайда ең алдымен жасөспірімнің пікірі тыңдалуы тиіс. Ал, арызданушы бала болса анасын өмірде небәрі екі-ақ рет көргенін, 10 жыл бойы бір рет болса да ұлының тағдырына алаңдамаған анадан бас тарататынын айтты. Судья болса жасөспірімнің осынау талабын қанағаттандырып, әйелдің ата-аналық құқықтарын толық шектеп тастады. Сондай-ақ, оның баласын асырайтындай жағдайы, тұрақты жұмысы және баспанасының жоқ екені анықталып отыр.
Осы сот отырысынан кейін сотқа арызданған жасөспірім тіркелген мекен-жайы бойынша білім бөлімінің құзырына берілді.