29.02.2016, 08:51

Өскеменде 2 апта бұрын жоғалып кеткен бойжеткеннің өлі денесі табылды

19 жастағы Татьяна Бекованың мәйітін жаяу жүргіншілердің бірі кездейсоқ көріп қалған. Оқиға орнын тексерген полицейлер бойжеткеннің көп мөлшерде дәрі ішіп, өзіне қол салған болуы мүмкін екенін айтып отыр. 

Айта кетейік, Экономика және қаржы колледжінің студенті Татьяна Бекова 15 ақпан күні із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Тәртіп сақшыларының айтуынша, марқұм жоғалардан сәл бұрын үйіндегі заттарының барлығын жинап кетіп қалған екен. Сондай-ақ, ол колледжге барып, бұдан кейін қайта оралмайтынын айтқан. Полицейлермен бірге іздну жұмыстарына жергілікті тұрғындар да қатысып еді. Алайда, одан ешқандай нәтиже шықпады.

"Кеше полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірі хабарласты. Ол итімен қалада серуендеп жүріп, қыздың мәйітін тауып алғандығын айтты. Оқиға орнына жеткен полицейлер марқұмның осыдан екі апта бұрын жоғалып кеткен қыз екенін анықтады. Оның денесінде зорлық-зомбылықтың іздері жоқ. Сот-медициналық зерттеу жұмыстары жүргізілуде" деп атап өтті ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев.

Құқық қорғаушылар мәйіттің жанынан дәрілердің қораптарын да тапқандығын айтып отыр.