Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы бүгін жемқорлық бабы бойынша сотталған экс-шенеуніктердің ісін қайта қарап, алғашқы сот үкіміне өзгеріс енгізді деп хабарлайды informburo.kz.
Апелляциялық алқаға төрелік еткен Қарағанды облыстық сотының судьясы Рашид Нұрмағамбетов алқа мүшелерімен ақылдаса келе "Ахметов ісі" бойынша сотталған 12 айыптының үкімдерін қайта оқыды. Аталған азаматтар өткен жылдың 11 желтоқсанында сотталған болатын.
Сот үкіміне сәйкес, Қазақстанның экс-премьері Серік Ахметовке белгіленген 10 жылдық жаза 8 жылға қысқартылды. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев болса енді 5 жыл емес, алдағы үш жылын түрмеде өткізеді. Ал, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов пен Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Тельғарин және "Сарыарқа" ӘӘК" АҚ-ның экс-төрағасы Ерлан Қисықовтың дүние-мүлкі тәркіленбейтін болды. Сонымен қатар, апелляциялық сот "ҚазАгро" АҚ-ның бұрынғы басшысы Дулат Айтжанов пен айыпты Мұхамбетовтың жазаларын шартты түрге алмастырды. Ал, Қарағанды қаласының экс-әкімі Мейрам Смағұловтың үш жылдық жазасы екі жылға қысқарды. 2014 жылдың қараша айынан бері уақытша тергеу абақтысында отырғандықтан ол жақын күндері бостандыққа шығады.