$ 447.4  477.55  4.76

ОҚО мәслихатына үміткер кабинетіне келгендерді балағаттап қуып шықты (ВИДЕО)

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханасының бас дәрігері Мұқан Егізбаев кабинетіне араша сұрап келген науқастардың туыстарын балағаттап қуып шықты. Аталған жайтты бейнекамераға сол жәбірленушілердің өздері түсіріп, интернетке орналастырған.

Youtube желісінде жарияланған екі бейнероликтен аңғарғанымыздай, жансақтау бөлімінде хал үстінде жатқан науқастың туыстары бас дәрігерге келіп, ісіне салғырттық танытқан өзге дәрігерлерге шара қолдануын сұрайды. Алайда, бас дәрігер басу айтудың орнына алдына келген бір топ адамды балағаттап, кабинетінен қуып шықты.

Бейнероликті интернетке жүктеген Перуза Құдияровнаның айтуынша, осы жайттан кейін көп ұзамай жансақтау бөлімінде жатқан туыстары қайтыс болыпты.

Әзірге облыстың денсаулық сақтау басқармасы болған жайтқа байланысты ешқандай мәлімдеме берген жоқ. Тек тексеру жүргізіліп жатқанын ғана айтты. 

Ал, өзінің аты-жөнін атамауды сұраған осы басқарманың маманы Егізбаевтың мұндай қылығын бұрыннан білетінін айтты. "Бізге бұрындары да қарапайым тұрғындардан арыз-шағым келіп түсетін. Бәрі де Мұқан Егізбаевтан балағат естігендер. Оған ескерту жасалды, алайда, ол құлақ асқан жоқ. Білуімше, бейнероликтегі жәбірленгендер министрлікке арыз жазған" деді ол.

Айта кету керек, Мұқан Егізбаев облыстық мәслихаттағы депутаттық орынға үміткер. Бұған дейін де ол осы мәслихаттың депутаты болған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары