10.06.2020, 05:04

Алакөл демалыс орны санитарлық талаптарға сай болмай тұр

фото: informburo.kz
Бірақ соған қарамастан, Алматы облысының аумағында орналасқан Алакөлге туристер коронавируске тест тапсырмай-ақ бара алады. Бұл өңірде Шығыс Қазақстан облысындағыдай анықтама талап етілмейді.

Есесіне демалыс орындарында санитарлық талаптар қатаң сақталмақ. Алакөлге келген туристер де, демалыс орындарындағы қызметкерлер де медициналық маска тағып жүруге міндетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«13 маусымнан Алакөлдегі басқа жерлердегі демалыс орындары ашыла бастайды. Арнайы комиссияның шешімімен COVID -19 ға анықтама сұрамайтын болдық. Оның орнына талапты күшейтеміз», - дейді Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов.

Сондай-ақ әр өңірден келген туристерді бір бөлмеге жатқызуға тыйым салынады. Демалушылардың тамақтанатын, жатын орындары 1,5-2 метрлік арақашықтықты сақтап, санитайзерлермен қамтамасыз етілуі тиіс. 

Бір қызығы, күні кеше ғана БАҚ беттерінде «ел мақтаған Алакөлдегі демалыс орындарының түгелге жуғы санитарлық талаптарға сай болмай шықты» деген ақпарат шыққан болатын.

Мәселен, Stan.kz ақпарат агенттігі бүгінгі күнге дейін Алакөлдің Үржар ауданына қарасты бөлігіндегі 175 демалыс орынының бірде-біреуі  2020 жылдың туристік маусымына толығымен дайын деген анықтама алмаған. Тексеру барысында 175 демалыс орталығының тек 59-ы немесе 34% ғана дайындық жұмыстарын бастағаны белгілі болады. 116 демалыс үйлерінің иелері демалушыларды қабылдауға дайындық жұмыстарын бастамаған.

Сондай-ақ, ойын-сауық орталықтарында орнатылған ойын нысандары залалсыздандырылмаған, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын мен келген адамдардан жауап алуды бақылайтын мамандар  жоқ болып шыққан.  

Б.Нұратай  

Тегтер: Туризм Алакөл