$ 494.87  520.65  4.91

«Атамекен» ҰКП жемқорлық туралы зерттеуді жалған жүргізген болып шықты

Жуырда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тапсырысымен бүкіл өңірлерде «Іскерлік климат» атты әлеуметтік зерттеу жүріп, ең жемқор облыстар анықталған болатын. Көш тізімін Маңғыстау облысы бастаған еді. Алайда, өңір басшысы Алик Айдарбаев апта басында журналистермен кездесіп, зерттеу нәтижелерінің шындықа жанаспайтынын, ондағы мәліметтерді қайта тексеріп көру керектігін айтты. Артынша, «Атамекен» ҰКП өзінің ресми сайтынан әлеуметтік зерттеудің нәтижесін мүлдем алып тастады.

«Іскерлік климат» жобасы елімізде бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол облыстардың тек жемқорлық рейтингін жасап қана қоймай, өңірлердегі бизнес климаттың қандай деңгейде екенін анықтайтын құрал. Оның аясында кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіліп, бизнестегі проблемалар анықталады.

Алайда, жобаның биылғы нәтижелері Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевты шошытқандай. «Мәселе Маңғыстау облысының "қара тізімдегі" бірінші орны емес, мәселе облыстардағы көрсеткіштердің 50-70 пайызға дейінгі айырмашылығы» дейді әкім. Оның айтуынша, бір мемлекетте мұндай алшақтықтардың орын алуы мүмкін емес, ары кетсе 10-20 пайыздың шамасы болуы тиіс дейді ол журналистермен болған кездесуде.

- Менің пікірімше, рейтингтердің, әлеуметтік сауалнамалардың белгілі бір мақсаты болуы тиіс. Мәселен, егер іскерлік климаттың деңгейі анықталса, оның нәтижесі бойынша кемшіліктерді жөндейтін нұсқаулықтар жасалуы керек. Ал, аталған рейтингпен танысып көрген кезде біз жағамызды ұстадық. Бұған дейін «Атамекен» ҰКП басшылары Маңғыстауды жиі мақтап, бізді әкімдік пен бизнес-қауымдастық арасында сәтті байланыс орнаған 6 облыстың біріне жатқызған. Ал, олардың жүргізген рейтингін қарасаңыз облыстардағы көрсеткіштер бір бірінен тым алшақ, айырмасы 50, 60, 70 пайызға дейін. Бір мемлекеттің ішінде мұндай алшақтықтардың болуы мүмкін бе? - дейді А.Айдарбаев зерттеу нәтижелеріне күдікпен қарап.

Әкімнің айтуынша, «Атамекендегілер» бұл ескертуден кейін дереу өз кемшіліктерін мойындап, зерттеудің дұрыс жүргізілмегенін айтыпты.

- Маңғыстау облысының әкімдігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан жағдайды реттеудің жолдарын сұрады. Алайда, «Атамекен» ҰКП ешқандай ұсыныс бере алмады. Палата өкілдерімен кездесу барысында «егер зерттеу нәтижелері қате болса, кәсіби тұрғыда жасалмаса ендеше дұрыс еместігін мәлімдеңіздер» деп айтқан болатынмын. Олар дереу келісті, зерттеу нәтижелерінің кем-кетігін жөндейтінін айтып мақала жариялады, біздің өңірді мақтапты. Бұл мақтауы жағымпаздық деп түсінбеңіздер, расымен де Маңғыстау облысы бизнес-салада алдыңғы қатарда келеді. Рейтинг болған соң еліміздегі бір облыс соңғы орынды алуы тиіс, бірақ біз бұл зерттеу нәтиежелеріне тоқтап қалмай, дамыту жұмыстарын одан әрі жалғастыра бермекпіз, - деді А.Айдарбаев.

Демек, «Атамекен» ҰКП 2015 жылға арналған зерттеуді жалған жүргізген. Егер Алик Айдарбаев жоба нәтижелеріне күдікпен қарап, сын айтпаса ол бекітіліп те кетер еді. Ал, зерттеу жұмыстарына аз ақша жұмсалмайтыны айдан анық. Мәселен, 2014 жылы осы «Іскерлік климат» жобасы алғаш қолға алынған кезде ҚР премьер-министрі Кәрәмі Мәсімов облыс басшыларына аталған зерттеуді қаржыландыруды тапсырған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары