$ 498.34  519.72  4.85

ШҚО-да үш баласын өлтіріп, өзіне қол салған әйелдің соңғы хаты жарияланды

Шығыс Қазақстан облысында өзінің үш баласын өлтіріп, артынша өзіне қол салған әйелдің өлер алдында жазып қалдырған хат мәтінін YK-news.kz порталы жариялады.

Шемонаиха қаласының тұрғыны хатта қысқа ғана қайырыпты. "Мен, Индира Е., ақыл-есім сау, менің және балаларымның өліміне себепкер болған жандарды, күннен күнге мені осындай қадамға итермелегендерді жазалауларыңызды сұраймын" делінген аталған хатта.

Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, қайтыс болған төртеудің де өлімі тұншығудан келген. Денелерінде өзге ешқандай жарақат табылмапты. Кіші ұлы - екі жасар Нұрсұлтан жуыну бөлмесінен, бес жасар Дания дәретхана бөлмесінен, он жастағы үлкен қызы - Елдана зал бөлмесінен табылған. Ал, 33 жастағы әйелдің өзі жатын бөлмесінде асылып қалған.

"Алдын ала болжам бойынша, әйел өз балаларын алдымен жіпке асып өлтірген. Артынан өзі де асылып қалған. Сондықтан, "кісі өлтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, "өзін өлтіруге итермелеу" фактісі бойынша да іс қозғалып отыр. Енді оны мұндай қадамға не итермелегенін анықтауымыз қажет" дейді ШҚО ІІД баспасөз хатшысы Бақытжан Торғаев.

Жан түршігерлік жайттың өзге деректері әзірге құпия сақталуда.

Естеріңізге салайық, оқиға 27 сәуір күні Шемонаиха қаласында орын алған болатын. Қайтыс болған үш бала мен әйелді отағасы жұмыстан келіп тауып алған. Отбасының туыстары айтқандай, әйел бұған дейін күйзелісте болған көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары