Екі апта бойы іздеуде болған 17 жастағы Айгерім Оспанбекованың мәйіті кеше табылғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Марқұмды такси жүргізушісінің ұрып өлтіргені белгілі болды деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Жәбірленуші 10 мамыр күні Сарыағаштан Шымкенттегі колледжге бару үшін таксиге отырған. Жолай көлік жүргізушісімен ұрысып, 1990 жылғы ер азамат оның кеудесінен темір бұрағыш құралмен бірнеше рет ұрыпты. Алған дене жарақаты салдарынан бойжеткен сол жерде көз жұмған. Мәйіттен құтылу үшін күдікті оның аяқ-қолын скотчпен және белдікпен орап, Бағыс ауылының маңына апарып тастағаны анықталып отыр. Ол сондай-ақ, қыздың қалтасындағы ақшасы мен ұялы телефонын да қолды қылыпты.
Айгерімнің денесін Бағыс ауылының тұрғыны көріп қалып, полицияға хабар берген. Сот-медициналық сараптама өлімнің кеуде тұсынан алған жарақаттан болғанын растап отыр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, ОҚО ІІД-нің тәртіп сақшылары 1990 жылы туылған Сарығаш ауданының тұрғынын күдікті ретінде қолға түсірді. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Айғақ заттар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.