Ақтөбе облысының Саркөл ауылында 13 жастағы Бейбіт Жауымбет іздестіріліп жатыр. Ол 22 мамыр күні таңертең үйінен шығып кетіп, сол күйі оралмаған деп жазады "Диапазон" порталы Ақтөбе облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдинге сілтеме жасап.
Темір аудандық ІІБ-нің Кеңқияқ полиция бөліміне Бейбіттің әкесі арызданып келген. Оның айтуынша, 2003 жылы туған ұлы өткен аптаның жексенбісінде таңертең сағат 10:30 шамасында үйінен шығып, сол күйі хабарсыз кетіпті.
Баланың үстінде қара түсті спорттық костюм мен ақшыл көк футболка, аяғында ақ-көк түсті кроссовки болған.
Бейбіттің бойы шамамен 115-120 сантиметр, арық денелі және қара шашты.
Айта кетейік, соңғы кезде елімізде балалардың жоғалуы жиілеп барады. Соңғы бір апта ішінде Астана мен Шымкентте мектеп жасындағы оқушылардың жоғалуы тіркелген болатын. Абырой болғанда, екі жағдайда да балалар аман-есен табылды. Ал, 2015 жылдың 29 желтоқсанында Теміртауда жоғалып кеткен 9 жасар Владислав Шеллерден сол күйі хабар жоқ. Ол күндіз әжесінің үйіне барамын деп үйден шығып, сол күйі оралмаған.