Түркияға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түрік елінің президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Әңгіме барысында қос елдің басшысы қазақ-түрік лицейлерінің алдағы тағдырына тоқталып, олардың діндар Гүленге расымен де қатысы бар-жоғын тексеруге уағдаласты. Бұл туралы РИА Новости хабарлап отыр.
"Бұл мемлекеттің бақылауындағы мектептер. Біз Түркияға қастандық жасағысы келетіндерді ешқашан қолдамаймыз. Бұл бізді қызықтырмайды. Біз бұл мектептердің бәрін тексеруге уағдаластық. Егер олардың Гүленмен байланысы бар екені дәлелденсе, ондағы мұғалімдердің бәрін алмастырамыз. Аталған мектептердің жұмыс істеуіне қатысты келісімді біз марқұм болған президент Тұрғыт Өзалмен жасасқанбыз. Ондағы оқу ақылы және білім деңгейі өте жоғары. Қазір онда шамамен 9 мыңдай бала оқып жатыр. Ал, олардың қатарында терроризмге қатысы барлары анықталса, біз Түркияның талабын орындаймыз", - деді Н.Назарбаев Түркия президентімен болған кездесу барысында.
Ал, Ердоған болса Қазақстан басшысына 33 мектептен тұратын тізімді бергенін айтты. Оның пікірінше, аталған оқу орындарының барлығы да АҚШ-ты паналаған діндар Фетхулла Гүленнің ықпалында. Ердоған Қазақстан тарапынан батыл шешімдер күтетінін де жасырмады.
Айта кетейік, Қазақстанда барлығы 27 қазақ-түрік лицейлері бар. 16 шілдеде Түркияда орын алған төңкеріс әрекетінен кейін ресми Анкара Қырғызстан мен Қазақстандағы түрік лицейлерін жабуға кеңес берген болатын. Өйткені, аталған оқу орындарының барлығы төңкеріс жасамақ болған діндар Фетхулла Гүленге бағынышты дейді түрік ағайындар. Алайда, Қазақстанның да, көрші Қырғызстанның да үкіметі Түркияның бұл талабын орынсыз екенін мәлімдеді.