Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал ауданында 8 жасар қызды зорлады деп айыпталған бозбаланың отбасы бір күнде Қазақстаннан көшіп кетті деп жазады Otyrar.kz. 15 жастағы жеткіншек көршісінің қызына зәбір көрсетпек болған. Мұны естіген ағайын-туыс пен ауылдың өзге тұрғындары жаппай төбелес ұйымдастырып, салдарынан үш адам ауыр дене жарақаттарын алды.
Айта кетейік, оқиға болған Сейфуллин ауылы мен іргедегі өзге де елдімекендерге тәжік диаспорасының өкілдері көп қоныстанған.
Күдікті баланың әкесі "Отырар" телеарнасының тілшілерімен сөйлесіп, отбасын не үшін аяқасты көшіріп бара жатқанын түсіндірген. Оның айтуынша, орын алған жайттан кейін елдің бетіне қарауға отағасының ары жібермеген көрінеді. Ал, оның ұлы басты күдікті ретінде Мақтарал ауданында қалып отыр.
Жергілікті билік өкілдері болса дереу елдімекендегі әлеуметтік проблемаларды шешуге кірісіп кеткен. Қазір өңірде жастардың жұмыссыздығы өзекті мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ, ауыл көшелерінде күзет күшейіп, кіріп-шығушылар түгелдей тексерілуде.
Естеріңізге салайық, Сейфуллиндегі жаппай төбелес 31 шілде күні орын алған болатын. Оқиға болған бірінші күні үш адам жарақат алып, дүкен қиратылса, екінші күні екі қора мен бір жүк көлігі өртенді. Күдікті ретінде жергілікті 34 тұрғын ұсталған. Полицейлер бұл жайттың ұлтараздыққа еш қатысы жоқ, тек бұзақылық екенін айтып отыр.
Айта кетейік, былтыр ОҚО-ның Сарыағаш ауданында да осыған ұқсас жаппай қақтығыс орын алған болатын.