Министрлік, "оқулық бәріне жетеді" дегенімен, оқу жылы басталарда білім басқармалары басқалай сөйлей бастады. Әсіресе, Ақтөбе облысына жергілікті бюджеттен кітап сатып алуға биыл тағы 800 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінсе де, сыныптарды оқулықтармен толық қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Яғни, жетпеген кітаптарды ата-аналар өздері сатып алуы тиіс деп жазады 31.kz.
Оқу жылының басталуына 17 күн қалғанда Ақтөбеде кітап тапшылығы туындады. Бұған дейін білім басқармасы облыстағы барлық мектептерді оқулықпен толық қамтамасыз етеміз дегенімен, бұл мүмкін болмайын деп тұр. Биыл 2, 7 және 9 сыныптарға оқулықтар сатылып алынбайды. Сондықтан, мектептерде бары таратылып, жетпегенін ата-аналар өздері түгендеулері тиіс. Алайда, жаңа оқу жылына кітап сатып алуға бөлінген 800 миллион теңгеге жуық қаржы оқушыларға оқулық алмағанда қайда кетеді дейді ата-аналар. Сондықтан халық мектеп формасы мен оқу-құралдарынан бөлек, өз қалталарынан қаражат шығарып, кітап сатып алудың үлкен ауыртпалық екенін айтады.
Ал білім басқармасы биыл 2, 7 және 9 сыныптарға оқулықтардың жетіспейтінін және сатып алынбайтындығын да ашық айтып отыр. Қолда бары таратылады, ал жоғын әркім өзі сатып алады, - дейді.
Найзабек Толжанов, Ақтөбе облыстық білім басқармасы мемлекеттік сатып алу және инвестициялық жобалар бөлімінің жетекші маманы:
- Осы үш сыныптың оқулықтары келесі 2017-2018 оқу жылында басып шығарылады, енді біз заң аясында жұмыс істейміз, яғни заңға сәйкес мысалға біз ол оқулықтарды толықтай сатып алатын болсақ, онда ол оқулықты келесі жылы біз спесания дейді ғой сызып тастауымыз керек, ал біз олай істей алмаймыз. Сондықтан бізге келесі жылды күтуге тура келеді.
Мамандар облыстағы, оның ішінде қаладағы мектеп оқушыларының саны жыл сайын көбейіп отырғандығын айтады. Мысалға соңғы үш жылда қаладағы мектептерде оқушылардың саны 12 мыңға өскен. Оқулықтың жетіспеуіне де себеп осы дейді мамандар.