$ 494.87  520.65  4.91

Ерасыл Әубәкіровтің анасы соттың әділ өтетініне сенбейді

Астанада айуандықпен өлтірілген медуниверситеттің студенті Ерасыл Әубәкіровтің анасы соттың әділ өтетініне сенбейді. Құқық қорғау органдары басты күдікті Аян Мейірбаевты жәбірленуші етіп шығарған сәтте бәрінен үмітімді үздім дейді ол. Марқұмның анасын бүгін сот отырысының алдын ала тыңдауларына кіргізбей қойған. Процесс жабық режимде өтеді деп журналистерді де сот залының есігінен қайтарыпты.

«Мен қазір ешкімге сенбеймін. Тек Құдайға ғана үміт артып отырмын. Жаратушы бәріне куә», — дейді Кенжегүл Әубәкірова.

Оның айтуынша, Ерасылға қатысты жұрттың аузындағы түрлі алыпқашпа әңгімелер шындыққа мүлдем жанаспайтын көрінеді.

«Аянды босатып жібергеннен кейін ешкімге сенбейтін болдым. Әу баста төртеуін ұстап, қамауға алған кезде тиісті жазаларын алатын болды ғой деп үміттенгенмін. Ал, қазір ешкімге сене алмаймын. Менің ұлым туралы әркім әрқалай айтып жүр. Оның еш кінәсі жоқ, мен оны жақсы білемін. Ол жұрт айтқандай адам емес еді. Мұның бәрін естігенде жүрегім ауырады. Еш себепсіз ұлымды өлтірді. Мен ұлыммен мақтанатын едім, әлі де мақтан тұтамын оны, ол нағыз патриот ер азамат еді. Аянның ата-анасы сол күйі хабарсыз, мүлдем жоғалып кетті. Менімен бірде-бір рет байланысқа шыққан жоқ. Енді сот процесінің ашық өтуінің еш маңызы оқ, мен бәріір ешкімге сенбеймін. Сөзім жоқ, Құдайға салдым бәрін. Жаратушы бәріне куә», — дейді ашынған ана.

Естеріңізге салайық, Ерасыл Әубәкіров биыл 4 ақпан күні жоғалып кеткен болатын. 10 ақпанда тәртіп сақшылары оның өлі денесін Астананың іргесінде қар астынан тапты. Артынша, бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 4 азамат ұсталған. Басты күдіктілердің бірі - Ерасылдың жерлесі Аян Мейірбаев болатын. Ол ШҚО-дағы ірі кәсіпкердің ұлы. Алайда, тергеу барысында А.Мейірбаев күдіктіден жәбірленушіге айналып шыға келді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары