Жас мұғалімдер жаңа оқу жылынан бастап облыс аумағындағы мектептерде жұмыстарын бастайтын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова айтып берді.
2016 жылы педагогикалық мамандықтар абитуриенттер арасында үлкен сұранысқа ие үш мамандықтың бірі ретінде танылды. Жыл сайын мектепті бітіріп, педагогикалық мампандықтарды таңдайтын түлектердің саны артып келеді дейді басқарма басшысы.
«Педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылық артып келеді. Біздің түлектердің көбісі осы бағытты таңдауда. Биыл біздің облыста 5 мыңдай бала мектеп бітірді. Алдын ала болжам бойынша, олардың үш мыңдайы Қазақстан мен жақын шетелдердің ЖОО-на оқуға түскен. Негізінен медициналық және педагогикалық мамандықтарды таңдағаны белгілі болып отыр», - дейді Зейнеп Тастемірова.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл педагогикалық мамандықтарға 392 бала оқуға түскен. Олардың төртеуі «Алтын белгі» иегерлері. Былтыр бұл мамандықты таңдағандар саны 238 түлекті құрапты.
Айта кетейік, Маңғыстау облысына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген 4 мыңнан астам жас мұғалімдер де мектептерге жұмысқа орналасқан. Аталған бағдарлама 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді.
«ЖОО бітірушілері арасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы үлкен сұранысқа ие. Өйткені, осы жоба аясында жастарға үй беріліп, бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Оның үстіне, ауыл мектептері жаңа кадрлармен толығып отыр», - дейді Білім басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, облыста ҰБТ қорытындысы бойынша грантқа түскен студенттердің де саны артқан. Мәселен, былтыр 425 бала грант иегері атанса, биыл бұл көрсеткіш 542-ні құрап отыр.