Сот орындаушыларына үйін бермеуге бекінген сегіз баланың анасы уыс-уыс дәрі ішіп, өзіне қол салмақ болған. Дәрігерлер оны жансақтау бөліміне жеткізіп, өмірін аман алып қала алды деп жазады Informburo.kz.
Оқиға 1 қыркүйек күні Алматыда орын алған. 60 жастағы Фатима апай сот шешіміне қарсылық ретінде 60-тан астам әртүрлі дәріні ішіп қойды дейді оның Жанар есімді туысы.
"Ол бүгін сот орындаушыларының алдында өзіне қол салмақ болды. Олар әдейі әпкемізді осындай қадамға итермеледі, қалай болғанда да бүкіл отбасын үйден шығарып жіберетінін айтты. Фатима 60-тан астам таблетканы ішіп қойды. Ол батыр ана, сегіз баланы дүниеге әкелген. Мұндай жанды неге құрметтемейді? Қазір аурухананың токсикология бөлімшесіне бара жатырмыз. Анасының жағдайын көрген оның қызы да қазір ауруханада, жүйкесі көтере алмады", - дейді Жанар тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Фатима тұратын "Ақкент" тұрғын үй кешенінен бір ғана тамыз айында 68 отбасын шығарып жіберген. Олардың барлығы да пәтер құнын толық өтей алмаған екен.
Дәрігерлер болса батыр ананың жағдайы тұрақталғанын мәлімдеп отыр. Оның асқазанын шайып, үнемі бақылауда ұстап отырмыз дейді олар.