Жуырда ғана тағайындалған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент әкімдігінің атқарып жатқан жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Қала басшыларымен өткізген жиында өңір басшысы бірқатар проблемалық мәселелерді тізіп шығып, оларды шешуге қысқа ғана уақыт берді деп жазады TVK.
Түймебаевтың алдында есеп берген Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тозығы жеткен үйлерді бұзып, оның орнына жаңа көпқабатты нысандар тұрғызуды ұсынған. Сондай-ақ, көлік кептелісі мәселесін шешу үшін қосымша жолдар мен жолайрықтар салғысы келетінін де айтты. Алайда, облыс әкімі бұл ұсыныстар бойынша нақты жауабын айтқан жоқ.
Ал, қаланы көгалдандыруға қатысты баяндама жасаған Шымкент әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов қазынадан тағы 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлуін сұраған. Бұл ақшаға ол 46 мың көшет сатып алатынын айтты. Алайда, Түймебаев оған ақша берудің орнына «қаһарын жаудырды».
«Ағаштарды бір ерден әкелу керек, сатып алу керек дейсіздер. Өзімізде бар нәрсені біреуден сатып алып қайтеміз? Өзіміздің питомникте, дендрарий бағында толып тұрған жоқ па сол көшеттер? Көптігі сонша, бір-бірінің өсуіне кедергі келтіріп жатыр. Біз сіздерге 100 мың көшет беруге дайынбыз, бірақ оларды күтіп ұстауға уәделеріңізді беріңіздер. Сіздер үнемі ақша сұрай бересіздер, аспаннан ақша жауып жатқандай. Бұлай болмайды, қолда бар ресурстарды пайдалану керек», - деді Түймебаев қала әкімінің орынбасарына және көгалдандыру мәселесін 2 ай ішінде шешуге тапсырма берді.
Облыс әкімі мұнан кейін есеп тыңдаудың орнына жиын соңына дейін өзі сөйледі, жергілікті билік өкілдерінің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Қаладағы заңсыз құрылыстар, жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар, тозығы жеткен суреттер - аталған жиында қозғалған негізгі мәселеге айналып, жиын соңында Жансейіт Түймебаев қала әкімінің есебін қабылдамайтынын мәлімдеді. Ал, жұмысын атқара алмай жүрген шенеуніктерге ол өз еріктерімен қызметтен кетуді ұсынды.
«Егер мүмкіндіктеріңіз шектеулі болса бұл жұмыспен білетін азаматтар айналыссын. Сіз тіпті не жауап береріңізді де білмейсіз», - деді облыс әкімі тағы сол Бейсенбек Жанбосыновқа.