$ 444.22  476.38  4.82

Алматы облысында ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты үшінші күдікті ұсталды

Алматы облысында ағайындылардың өліміне қатысты үшінші күдікті анықталды деп хабарлайд КТК телеарнасы. Үңгіртас ауылының тұрғыны Бақыт Байқасымов марқұмдардың қалай өлтірілгенін көрген. Жігіт, тіпті, әлі тірі жатқан азаматтардың біріне араша түспек те болыпты. Бірақ қорықтым деген желеумен кейін полицияға хабарламаған. Тәртіп сақшылары да оны сыбайлас ретінде ұстағанымен, кейін қолхатпен босатып жіберген.

Үңгіртас ауылы қалған екі күдіктінің ауылдарына жақын орналасқан және ұрлықы мал біраз күндері осында ұсталып жүріпті. Оның барлығын көрші-қолаң көрген. Олар ауылдастарының бұл қылмысқа қатысы барына еш таңқалмай отыр. Өйткені, Бақыт Байқасымов бұрын да істі болған екен.

Бақыт Байқасымовты о баста қамалған екі күдікті байқаусызда ұстап берген екен. Басында «тек екеу болдық» дегендер қастарында тағы танысының жүргенін айтып қалған. Үшінші күдікті қанды қылмыс болған кезде тауда мал бағып жүріпті.

Гүлжан Жұрманова, Бақыт Байқасымовтың туысы:

- Өзінің малы емес ол, ол - шабан. Біреудің шабаны болып жұмыс істейтін. Ол табылған жұмыс істеді ғой былайша айтқанда. Оның үйі де жоқ, күйі де жоқ. Жалғыз өзі әйтеуір, күнкөріс. Көрген де жоқпыз қайда тұрады, не тұрады білмейміз ол жағын.

Күдіктінің жеңгесі қайнысының кісі өліміне қатысы бар-жоғын білмеймін деп басын ала қашты. Есесіне көршілері жігіттің жүрісі жайлы өзгеше айтып отыр. Үш ағайындының өліміне қатысы бар делінген үшінші күдікті ауылда үнемі шаруасыз, әрі арақ ішіп жүріпті.

Орынкүл Батырханова, Үңгіртас ауылының тұрғыны:

- Ауылда жүргенде арақ ішетінін көріп жүрміз. Топталып жүргенде де ішеді.

Бақыт Байқасымов марқұмдардың қалай өлтірілгенін көзбен көрген. Ол байқаусызда қылмыстың үстінен түсіпті. Жігіт, тіпті, әлі тірі жатқан Қаділбекке араша түспек те болған екен. Бірақ өзін де қоса атып жібере ме деп қорқып, қылмыс туралы жақ ашпаған. Полиция оны сыбайлас ретінде күдікке алғанымен, кейін қолхатпен жібере салған. Десе де, марқұмдардың туыстары оның да жазаға тартылуын сұрап отыр.

Еркін Бейсеке, марқұмдардың туысы:

- Бақыт қылмыстың үстінен түскен. Мүмкіндігі бола тұра мәлімдеген жоқ. Сондықтан ол да сол қылмысқа қатысқан деп есептейміз. Бұл қылмыстың ішінде үш адаммен ақырласуы мүмкін емес. Оны ұйымдастырған басқа да адамдар болуы мүмкін.

Күдіктілердің мәйіттерді осы ауыл арқылы алып өткендігі де күдік тудырады. Қазір тергеу аяқталған. Оларға қатысты сот осы қараша айында басталады деп күтілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары