$ 443.44  480.51  4.88

Қаскелеңде ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты сот отырысы басталды

Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты ағайынды үш азаматтың өліміне қатысты істі қарауға кірісті деп жазады Informburo.kz. Көшпелі жиын Қаскелеңде өтіп жатыр.

Марқұмдардың өліміне қатысты Талғат Сүлейманов пен Мұрат Оңалбаев күдікті деп танылған. Сондай-ақ, қылмыстың болғанын біле тұра оны жасырды деген айыппен шопан Бақыт Байқасымов та сотталып жатыр.
Басты күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы - "Кісі өлтіру", "Қарақшылық" және "Біреудің мүлкін қасақана бүлдіру" бойынша айып тағылған.

Алғашқы сот отырысында күдікті Талғат Сүлейманов өзіне тағылған айыптардың тек кейбірін ғана мойындады.

"Мен кісі өлтіргенімді мойындаймын. Бірақ, қылмысты алдын ала сөз байласып жасау, жүк көлігін өртеу секілді қылмыстарды жасағаным жоқ", - деді Сүйлейманов тергеу кезінде.

Ал, Мұрат Оңалбаев болса тағылған айыптардың бірде-бірімен келіспейтінін айтып отыр. Ол, осынау ауыр қылмысқа мүлдем қатысым жоқ дейді. Ал, шопан Бақыт Байқасымов расымен де қылмысты біле тұра құқық қорғаушыларға жеткізбегенін мойындады. Ол өзінің қорыққанын айтып отыр.

Тергеу мәліметтеріне сенсек, 17 қыркүйек күні Талғат Сүлейманов Ұзынағаштағы мал базарына сиырларын сатуға барған. Сол жерде ол ағайынды жігіттермен танысып, олардан 2 миллион теңгеден астам ақшаға 16 сиырын сатып алады. Кейін алдап, өзге сиырларын да сатып алатынын айтып, ол үшін өзімен бірге Сұраншы батыр ауылына баруын өтінген. Мал иелері оның дегеніне көніп, өз көліктерімен аталған ауылға қарай жол тартыпты. Т.Сүлейманов өзімен бірге Мұрат Оңалбаевты ертіп, ағайындылармен бірге шыққан.

Таулардың арасымен жүріп, тастанды қораның жанына келгенде қандықол қарақшылар мал иелерін атып өлтіріп, денелерін сол маңға жасырып кетіпті. Жарқынбек, Мұқият және Қалдыбектің денелерін араға бірнеше күн салғаннан кейін тәртіп сақшылары тапты. Медициналық сараптама барысында белгілі болғаны, марқұмдарды өлтірместен бұрын оларды әбден азаптаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары