Қазақстанда соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес айтарлықтай күшейді. Әсіресе, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданғалы бері мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар күшейіп, шенділердің жемқорлыққа жол бермеуі үшін нақты жұмыстар қолға алынды.
Атап айтар болсақ, осынау құжатқа сай мемқызметкер өз лауазымын бірден басшылық қызметтен бастай алмайды. Олардың әрбірі сатылық өсімнен өтуі тиіс. Бұрынғыдай, басшылардың командамен ауысуына да қазір қатаң тыйым салынған.
Сонымен қатар, халықтың мемлекеттік қызмет түрлерін алуы да барынша оңтайланып, барлық салаға бір терезе жүйесі енгізілуде. Мұның барлығы елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының бастамасы. Алдағы уақытта осынау қоғам дертін түбегейлі жою үшін алдын алу жұмыстары күшейтілмек. Ал, қазіргі таңда жемқорлық жайлаған салалар анықталып, онда қызметкерлер арасында түсіндіру шаралары жүргізілуде.
Астаналық мамандардың айтуынша, елордада жемқорлыққа ішкі істер органдарының қызметкерлері жиі жол береді екен. Әсіресе, жергілікті полиция қызметінде істейтін тәртіп сақшылары параға бір табан жақын. Астана қалалық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Тілеген Каскиннің осылай дейді.
«Құқықтық статистиканың мәліметінше, Астанадағы жемқорлыққа ең көп жол беретін құрылым – ішкі істер органдары, оның ішінде жергілікті полиция қызметі болып табылады. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер органдарында да жемқорлық фактілері шаш етектен. Білім беру саласында пара беру, ақша жинау секілді жемқорлық деректері аз емес. Ал, бұл тұрғыда ең көп тараған қылмыс түрі – шенеуніктердің өз қызметін асыра пайдалануы. Сонымен қатар, алаяқтық, пара алу сынды қылмыстар да аз жасалмайды», - дейді Тілеген Төлегенұлы.
Оның айтуынша, биылдан бастап елімізде жаңа антикоррупциялық тетіктер іске қосылған. Атап айтқанда:
- жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мониторингі – жемқорлықпен күрес саласында құқықтарды қолдану тәжірибесін бағалауды мақсат етеді;
- жемқорлық жасау мүмкіндіктерін талдау – жемқорлық жасауға итермелейтін жағдайларды анықтап, оны зерттеуге негізделген;
- жемқорлықтың алдын алу – оқыту, ақпараттандыру және ұйымдастыру негізінде ұйымдастырылатын іс-шаралар кешені.
«Бұлардан бөлек мемқызметкер жемқорлыққа қарсы шектеулерді де өзіне қосымша жүктеме ретінде алуы тиіс. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылардың және жақын туыстардың бір орында жұмыс істемеуі; жеке басының пайдасы үшін ресми жариялауға жатпайтын қызметтік ақпараттарды пайдаланбауы; атқарған мемлекеттік қызметі үшін сыйлық алмауы секілді талаптарды әрбір мемқызметкер орындауы тиіс», - дейді департамент басшысы.
Оның пікірінше, жемқорларға қолданатын жазаны күшейтудің қажеті жоқ. Өйткені, ол өз нәтижесін бере қоймайды екен.
«Жемқорлық бойынша сотталған мемлекеттік қызметкерлердің жазасын қатаңдатып, бұл дертті тоқтата алмаймыз. Алдымен, оның себебін анықтап алуымыз керек, шенеуніктер неліктен жемқорлыққа барады, соны білуіміз қажет. Егер алдын алмасақ пара беру және алуды тоқтата алмаймыз. Ал, жазасын қатаңдатсақ параның көлемі де арта түсетін болады. Иә, бұл қылмыс түріне өлім жазасын тағайындаған елдер бар, бірақ оларды дамып кетті деп айта алмаймын. Мәселен, Қытайда жемқорлық жасаған шенеунікті өлім жазасы күтіп тұр. Біріккен Араб Әмірліктерінде қолдарын шабады. Бірақ, бұл мемлекеттерде жемқорлық жойылып кеткен жоқ, проблема шешілмеді. Біз жауыз болмауымыз керек, демократиялық елміз», - деп ойын білдірді Т.Каскин.