$ 498.34  519.72  4.85

Орта тапқа да жатпайтын қазақстандықтар өздерін кедей санағысы келмейді

Жуырда жарияланған ресми хабарда статистика агенттігі сауалнамасына 12 мың үй шаруашылығы басшысы қатысқаны айтылған. Құжатқа қарағанда, үй шаруашылығы басшыларының 45,5 пайызы «кедей емеспін» деп жауап берген (бірақ орташа тап та емес), деп хабарлайды «Азаттық».

Үй шаруашылығы иелерінің 50,7 пайызы өзін «орта тапқа», 2 пайызы — «тұрмысы нашар топқа», ал 1,8 пайызы «ауқаттылар табына» қосады. Өткен жылдың мәліметтерімен салыстырғанда, өзін «орта тап» санайтын үй шаруашылықтары өкілдерінің саны 8,8 пайызға көбейген.

Халықаралық ұйымдардың сараптамалық деректерінде Қазақстандағы ахуал жоғарыда айтылғаннан сәл өзгешелеу сипатталады. Былтыр БҰҰ Колумбия университеті (АҚШ) World Happiness Report-2013 баяндамасын жариялады. Ондағы бақыт рейтингінде Қазақстан 57-орынды иеленген.

Биыл әлеуметтік даму индексін зерттеген Social Progress Imperative жобасы рейтингінде Қазақстан 86-орында тұр.

Гэллап институтының жуырдағы зерттеуінде әлемдегі ең қамсыз елдер Қырғызстан мен Өзбекстан, ал екінші орында Қазақстан деп көрсетілген. Бірақ қазіргі тұрмысына көңілі толмайтындар индексі алдыңғы екі елде ең төмен -13, ал Қазақстанда - 16.

Шілденің аяғында БҰҰ-ның 187 мемлекеттегі адам дамуы көрсеткіштері туралы есебі жарияланды.

Онда халықтың білім алуы, кірісі, денсаулық деңгейі, өмір сүру ұзақтығы мен жеке бас қауіпсіздігі сияқты мәселелер бағаланған. Бұл рейтингте Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш басында екені байқалады. Бірақ Қазақстан халықтың жан басына шаққандағы суицид саны жағынан да аймақта бірінші орында тұр. Бұл қорытындыны әрқилы түсіндіретін жергілікті сарапшылардың кейбірі суицидтің көп тіркелуін Қазақстанның «статистиканы толық жүргізетінімен» байланыстырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары