Алматының Бостандық ауданында көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«10 тамыз күні сағат 18:19-да "101" пультіне Алматы қаласының Бостандық ауданы М. Әуезов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар түсті. Анықталғандай, өрт тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан "Рики-Тики" дүкенінен шыққан. Жалын екінші және үшінші қабатта орналасқан пәтерлердің балкондарына және жартылай үйдің шатырына тараған. От шарпыған аумақ 40 шаршы метрді құрайды. Құтқарушылардың жедел әрекеті арқасында тілсіз жау сағат 18:49-да ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ», - делінген ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығу себебі – кондиционердің электр сымының ақауы. Жалынмен күреске жеке құрамның 33 маманы мен 10 техникасы жұмылдырылды.