22.01.2020, 23:30

«2020 – Ұшақтар жылы»: көкке көтеріле берген Boeing 737-нің салонын түтін торлады (ВИДЕО)

фото: merezha.info
Көбі Құдайына жалбарынып, бас амандығын тілеудің орнына, түтіндеген салонды смартфондарына түсіріп, қаннен-қаперсіз отыр.

Ryanair әуекомпаниясының Boeing 737 ұшағының салоны биікке көтерілген сәттегі санаулы минуттарда түтінге толды. Бұл лайнер Бухаресттен Лондонға ұшуы тиіс болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл оқиға туралы видео Instagram желісіндегі kazakh_inform парақшасына жүктелді.

Абырой болғанда, ұшақ ұшып шығу әуежайына тез оралуға мүмкіндік алып, жолаушылар қайғыға душар етер апаттан аман қалған. Алайда, видеодан жанын шүберекке түйген адамның сирек болғаны байқалады. Көбі Құдайына жалбарынып, бас амандығын тілеудің орнына, түтіндеген салонды смартфондарына түсіріп, қаннен-қаперсіз отыр.

Жазба астына пікір қалдырғандардың басым көпшілігі сол бейжайлықты сынға алса, былтырғы жыл аяғынан бергі апаттарды ескеріп, оқыс оқиғаға «2020 – Ұшақ жылы» дегендей қыжыртпа бағасын беріп жатқандар да аз емес.