$ 494.87  520.65  4.91

«112» біздің қоңырауды қабылдамай жатыр»: Қоянды ауылының тұрғындары қар құрсауында қалды (ФОТО)

«Көлік көп. Бензин бітті, суық. МЧС тек уәде етумен шектелуде».

Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары екі кештің арасында орта жолда қалып қойды. Түн ортасы ауып кеткенше оларға Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері көмекке бармаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жолда тұрған көпшіліктің бірі – журналист Бердібек Хабай facebook парақшасына «Кешкі 5-тен бастап Павлодар тас жолында ертедегі жұмысқа барам деп қар құрсауында қалып қойдық. Көлік көп. Бензин бітті, суық. МЧС тек уәде етумен шектелуде» деп жазды.

Одан бір сағат өткен соң, яғни 00:30-да біз жазба авторына хабарластық. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қоянды ауылының екі ортасында, қаладан шамамен 10 шақырымдай қашықтықта 60-70 көлік қар жамылып әлі тұр.

«112» шұғыл желісі сағат 5-тен бері бос емес. Біздің қоңырауды қабылдамай жатыр. Далада көзге түртсе көргісіз ақтүтек боран. Бензин де таусылды. Машинаның іші салқын», - дейді Бердібек Хабай. Айғақ ретінде ол бізге кешке және түнде түсірілген бірнеше сурет те жіберді.

Айта кетсек, кеше де қала іргесіндегі екі ауылдың тұрғындары атынан Whatsapp желісі арқылы сөйлеген бір жігіттің дыбыс жазбасы тараған болатын.

«Қала маңындағы 40 шақырым жерде – Рақымжан Қошқарбаев, Қабанбай батыр ауылдарының ортасында тұрғанымызға он сағаттай болды. Ешқандай көмек жоқ. Машиналардың бензині бітіп жатыр. 50 шақты машина, 120-ға жуық адам далада қалдық. Ешқандай тамақ та жоқ. Арамызда 8 айлық бала, үлкен қарт кісілер де бар», - деген ол, төтенше көмектен қайыр болмаған соң, ауыр техникасы бар тұрғындардан көмек сұраған еді.

«Қала іргесі» деп жалпылама айтқанмен, Қоянды ауылының да елордаға жапсарлас жатқаны шамалы, 15-20 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Ақмола облысының Целиноград ауданына қарайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары