$ 514.65  544.6  5.17

«Нан, колбасасын кесіп жейтін пышақтарын тартып алған»: ақтөбелік науқастар аштық жариялады

«Охранная фирма бізге ұнамайды дейді, олай болмайды ғой. Заң барлығына бірдей», - дейді мекеменің бас дәрігері.

Ақтөбеде есірткі мен ішімдіктен мәжбүрлеп емдеу орталығынан шу шықты. Жабық ауруханада алпыстан астам адам аштық жариялаған. Нәр татпай отырғандар өз талаптарын осылай жеткізуді жөн көрген, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Айтуларынша, төрт бірдей бөлімшенің науқастары аштық жариялаған. Нәр татпай отырғандар күзет қызметінен қысым көргендерін айтты. Бұл емдеу орталығы жабық болғандықтан, науқастардың жайымен танысуға мүмкіндік болмады. Белгілі болғандай, кеше ғана бұл орталықта күзет қызметі ауысқан. 

Жаңа күзетшілер жұмысқа кіріскен бойда барлық тыйым салынған заттарды жинап алған көрінеді. Бөлмелерден 15 қолдан жасалған пышақ, ойын карталары тәркіленген. Бірақ, ұрып-соғып, қысым көрсету болмады дейді олар.

«Төбелес болған жоқ. Негізі біз келгенде барлығы мас. Арақ қай жақтан келді, біз білмедік. Арақ ұшып келмейді. Біреулер әкеліп кіргізген. Значит бізге дейінгі күзет қызметінің бізге істеп кеткендері ме, оны біз түсінбедік. Аштық жариялап жатыр. Тамағы апарылды, берілді. Өздері ішпейді», - дейді аға күзет қызметкері Ақәділ Қодықов.

Қазіргі таңда бұл емдеу орталығында 138 науқас емделуде. Барлығы да сот шешімімен нашақорлық пен маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде ем қабылдауда. Олардың тең жартысы таң атқалы нәр татпаған. Бас дәрігер науқастар ішкі тәртіпке бағынғысы келмей, осылай шу шығарып отыр деді.

«Нан, колбасасын кесіп жейтін пышақтардың барлығын тартып алған, мынау болмайды деп. Сосын науқастар қырсыққан, біз аштық жариялаймыз деп. Мыналар заң бойынша былай істеу керек дейді. Сонымен екі аралықта осындай түсінбеушілік болып қалған ғой. Охранная фирма бізге ұнамайды дейді, олай болмайды ғой. Заң барлығына бірдей», - дейді Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесінің бас дәрігері Қыдырбек Әбішев.

Емдеу мекемесі мен күзет қызметі жағдайды реттеуді қолға алды. Олар қазір науқастармен келіссөздер жүргізуді бастап кеткен. Айта кетейік, жаңа күзет қызметімен келісім-шарт бір жылға жасалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары