Алматы полициясы қоқыс таситын көліктің жүргізушісін жолаушы тасымалдап жүрген жерінен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түнгі сағат екі шамасында Ақын Сара мен Ақсай көшелерінің қиылысында орналасқан №7 бақылау-өткізу бекетінде 1994 жылы туған Л. есімді азаматтың қоқыс таситын көлік құралы тексерілді. Анықталғандай, көлікте жолаушы ретінде Алматы облысының 19 жастағы тұрғыны отырғаны белгілі болды.
«Жүргізуші ақша алу үшін сондай әрекетке барған. Алайда, әрекеті сәтсіз аяқталды: олар ұсталды. Қазіргі уақытта жүргізушіге де, оның жолаушысына да қатысты ҚР ӘҚбК-нің 476-бабы бойынша құқықбұзушылық негізінде әкімшілік іс қозғалды. Азаматтарға тағы да төтенше жағдай ережелерін қатаң сақтауды ескерту қажет. Бұл нормаларды елемегендерге кем дегенде, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, ең көбі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады», - деп хабарлады Алатау аудандық полиция Басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.