Оралда пәтерлердің бірінен ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 31 наурыз күні Құрманғазы көшесі 164-үйде орын алды.
Пәтерлердің бірінен табылған 1962 жылғы ер адамның денесінде зорлықпен өлтіру белгілері болмаған. Осы үйде коронавирус жұқтырған адамның табылғаны жөнінде әлеуметтік желілерде аудиожазба тарап үлгерді.
«Аталған азаматтың 16 наурыз күні Ресей Федерациясынан келгендігі анықталды. Соған байланысты коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында мүрде барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып тасымалданады. Тұрғындардан сабыр сақтап, анық емес мәліметті таратпауларын сұраймыз. Көрінеу жалған ақпарат таратқан адамның ҚР ҚК 274-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өлімнің себебін анықтау үшін мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберіледі.