19 сәуірде сағат 00.15-те Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында жергілікті тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның алдына жиналды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиналғандар ауылдық медициналық мекеменің (амбулатория) коронавирус инфекциясымен ауырған азаматтармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін қолданылатын обсервациялық стационар ретінде пайдаланылуына өз наразылықтарын білдірді. Амбулаторияның ішінде ешкім жоқ болған, бос тұрған.
"Тұрғындар арасынан бұзақылар шығып, ғимаратқа материалдық шығын келтірген (есік-терезелерін бұзып, 30 төсек пен матрац сыртқа лақтырылған). Жиналғандардың ішінде жекелеген адамдар алькогольдік ішімдікке мас күйінде болған.
Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев жиналған тұрғындармен сөйлесуге келіп, түсіндіруге тырысқанымен ауыл тұрғындары әкімнің сөзіне қанағаттанбай, обсервациялық стационарды жабуды талап еткен. Мұнан соң мас күйіндегі азаматтар Қарасай аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Осы оқиға бойынша Қарасай АПБ-да ҚР ҚК 202-бабының 1-бөлігіне сәйкес, яғни бөгденің мүлкіне қасақана зиян келтіру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген әкімдіктің facebook-тегі ресми парақшасында.
Төтенше жағдай кезінде заңсыз әрекеттер ұйымдастырып, бұзақылыққа жол бергені үшін кінәлілер қатаң жазаланады.
Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды көрінеу жалған ақпараттарға сенбеуге, тек ресми мәліметтерге ден қоюға шақырады.
Тексерілмеген ақпарат көздерінен көрінеу жалған ақпарат таратқандар, осы тектес әрекеттерге жол бергендер ҚР заңнамаларына сәйкес жауапқа тартылады.