обыл шаһарының іргесіндегі шағын ауданды шошқа фермасы шаршатты. Доңыздан шыққан күлімсі иіс ауыл тұрғындарын тұншықтырып болды, деп хабарлайды Astanatv.kz.
Жергілікті халық ферманың басқа жаққа көшірілуін талап етіп отыр. Бірақ ол, атқамінерлер құлағына жететін емес.
"Жел сол жақтан болған күні мүлдем мына жерде мүмкін емес тұр, мына жердің бәрін алып кетеді. Мына халықтың бармаған жері жоқ. Жазбаған әкімдігі, прокуратурасы бәріне жазды. Ешқандай нәтиже болмаған соң сіздерге жүгінуге тура келіп отыр. Осы телевидение арқылы біздің жоғары басшыларға осы біздің сөзіміз жетеді деп үміттенеміз", - деді тұрғын Нұралы Мырзабаев.
"Шошқаның иісі үлкен проблема болып тұр біздің ауылға.Таңертеңнен кешке дейін жаман иіс шығады. Тіпті есік алдына шығудан қалдық. Масқара", - деді тұрғын Тілектес Үсенова.
Шу шығарған «Шығыс» ауданының тұрғындарын полиция қызметкерлері үйлеріне тарқатпақ болды. Түк шықпады. Көпшілік көнбеген соң, қала әкімі Әділ Өміртаевтың өзі келді.
"Осы мәселе жөнінде прокуратураға хат дайындап жатырмыз. Сіздерге де ресми жауап беріледі. Бұл жерде мүңкіген иістің бар екенін жасырмаймын. Бірақ фермалар өндірістік аумақта орналасқан. Біз сіздермен бірлесе отырып, бұл мәселенің бір шешімін табамыз деп ойлаймын", - деді Тобыл қаласының әкімі Әділ Өміртаев.
Бұл маңда екі доңыз фермасы бар екен. Жиыны үш жүз шошқа. Шаруа қожалықтары болса, "Тиісті санитарлық нормалар сақталды, дезинфекция жүріп тұрады" деп ақталған.
"Ферма қожайындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қоралардың санитарлық жағдайын жіті қадағалауға алатын боламыз", - деп сендірді Қостанай аудандық ветеринарлық бекет басшысы Айдар Бейсенов.
"Шығыс", қала басшылары атбасын бұра бермейтін ауданның бірі. Әкімнің өзі биыл мұнда бірінші рет келіп тұр. Мұны жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан қала басшысына өзгеде мәселелер айтылды. Мәселен ауылға қоғамдық көлік қатынамайды. Бағдаршам түгіл жол белгісі қойылмаған. Бұл балалар өміріне қауіпті. Интернет деген атымен жоқ. Әкім, бар мәселе жақында шешіледі, деп сендірді.