25.08.2020, 17:00

Түркістан облысында ер адам танысын пышақтап, балтамен ұрып өлтірген

Фото: zakon.kz
Қаныпезердің қолынан мерт болған ұлының денесін көрген қарт анасы жүрегі ұстап ол да көз жұмған.

Түркістан облысы Ордабасы ауданында ер адамды танысы пышақтап, балтамен ұрып өлтірген. Қанды оқиғаға қатысы бар күдікті бұрын екі рет сотты болған деп хабарлайды kaz.nur.kz.

Жұрттың төбе шашын тік тұрғызған жайт туралы Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарлаған. Ол өзінің құрылысы толық аяқталмаған үйінің ішінде ер адамның мәйіті жатқанын айтқан.

Қаныпезердің қолынан мерт болған ұлының денесін көрген қарт анасы жүрегі ұстап ол да көз жұмған.

Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының криминалистері мен Ордабасы аудандық полиция бөлімінің басшылығы оқиға орнына жеткен.

"Жедел уәкілдер тексеру кезінде үй ішінен 45-50 жас шамасындағы, зорлық-зомбылықпен өлтірілген ер адамның мәйітін тапты. Қылмыс орнын мұқият қарап шыққан полицейлер айғақты заттарды тәркілеп алды. Жәбірленуші ер адам 40 жастан асқан жергілікті тұрғын екендігі анықталды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтауда",– деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлердің жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдікті анықталып ұсталды. Кісі қанын мойнына жүктеді деп күдіктелген адам Ордабасы ауданының тұрғыны боп шықты. Ол бұрын Алматы қаласында Қылмыстық кодекстің 126-бап "Бас бостандығынан заңсыз айыру", 178-бап "Тонау" бойынша сотты болған.

Полицейлердің мәлімдеуінше, күдікті кінәсін толық мойындаған. Қазір қамауда отыр.