Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде екі өрт оқиғасы тіркеліп, екі адам мерт болды. Олардың екеуі де мас болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 27 қазанда Петропавл қаласының Подгора шағын ауданындағы жеке үйден өрт шықты. Оқиға орнына жеткен мамандар өрт орнынан 1973 жылы туған үй иесінің денесін алып шықты. Өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болған. Сол күні Айыртау ауданы Айыртау елдімекені маңындағы карьердегі жылжымалы вагонда өрт шыққан. Жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу адам өліміне әкелді.
«Көкше-Бур» ЖШС 1960 жылы туған жұмысшы-бұрғылаушысы мерт болды. Мамандардың айтуынша, екі жағдайда да қаза тапқандар мас болған. Жалпы жыл басынан СҚО-да 547 өрт тіркелді. 43 адам, оның ішінде 5 бала мерт болды. 14 адам жарақаттанса, келтірілген материалдық шығын 116 млн теңге.
«Өрттің 75%-ы тұрғын үй секторына тиесілі. 43 адам қаза тапса, солардың 41-і және соның ішінде 5 бала осы жеке тұрғын үйлерде мерт болған. 8 өртте 20 адам қаза тапқан. Оның ішінде 14 адам, 70%-і мас күйінде қаза болған», - дейді ведомство қызметкерлері.