$ 444.22  476.38  4.82

Батыс Қазақстанда пойыз 8 жылқыны қағып өлтірді

Темiржол бойында мал жаю қағидаларын бұзу фактісі бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Фото: mail.rz
Фото: mail.rz

Батыс Қазақстан облысында 8 жылқыны пойыз басып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Биылғы жылғы 11 қарашада сағат 22:35-те Орал станциясындағы Желілік полиция бөліміне «Пепел» разъезінде жүк пойызының машинисі теміржол үстінде жайылып жүрген үй жануарларын байқап, шұғыл тежегішті қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті. Соған қарамастан пойыз 8 жылқыны қағып өлтірді»,- деді Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.

Оның сөзінше, аталған факті бойынша оқиға орнына Орал станциясының желілік полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шықты.

Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде үй жануарларының иесі Батыс Қазақстан облысының тұрғыны екені анықталды. 43 жастағы әйелге ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі, яғни темiржол бойында мал жаю қағидаларын бұзу фактісі бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

«Биылғы жылдың басынан бері теміржол бойында мал жүруіне байланысты пойыздарды шұғыл тежеудің 1628 фактісі тіркелді. Темір жолдардың бөлінген жолағында мал жайғаны үшін жалпы 1124 құқықбұзушы әкімшілік жауапқа тартылды», - деп толықтырды сөзін Байкенов.

«Көлік полициясы үй жануарларының теміржолға шығуы пойыздардың қозғалысына қауіп төндіретінін тағы да еске салады. Шұғыл тежеу жолаушылардың денсаулығы мен өміріне, сондай-ақ тасымалданатын жүктерге залал келтіруі мүмкін. Жануарлармен соқтығысқан кезде локомотив зақымданады, жол шығынға ұшырайды. Пойыздардың қозғалыс кестесінде бұзушылықтар пайда болуына әкеп соғады», - делінген хабарламада.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары