15.12.2020, 16:20

Маңғыстауда шәкіртін зорлаған бапкер 14 жылға сотталды

фото: pixabay.com
Мұндай шешім қабылдауда оның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны да ескерілген.

 Маңғыстауда кәмелетке толмаған қызды зорлаған жаттықтырушы 14 жылға сотталды. Сонымен қатар, оның педагогикалық және жаттықтырушылық қызмет атқару құқы да шектелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

8 желтоқсан күні Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелет жасқа толмаған шәкіртін зорлаған жаттықтырушыға қатысты іс бойынша үкім шығарды.

Ер адам жасөспірімдерді спорттың каратэ-до түрімен жаттықтырған. Сондай-ақ, ол жәбірленушінің кәмелетке толмағанын біле тұрып, оның сенімін пайдаланған. Яғни, өзінің жаттықтырушы ретінде ықпал ететінін түсініп, оның еркінен тыс бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен. Бұл деректер сот процесі кезінде анықталды.

Сондықтан да прокурор айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілдері прокурормен келісті. Ал қорғаушы тарап сотталушының әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық болмауына байланысты оны ақтауды сұрады. Сотталушының өзі болса кінәсін мойындамады.

"Істің нақты мән-жайын ескере отырып сот айыпталушы С-ны Қылмыстық кодекстің 3-1 бөлігінің 120-бабы, 1, 2-тармағында көрсетілген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сотталушыны жазаның орташа мөлшері болатын мерзімде педагогикалық және жаттықтырушылық қызметтерді атқару құқығынан айырды. Мұндай шешім қабылдауда оның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны да ескерілген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, сотталушыны криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 2020 жылдың 8 мамырында күдікті ретінде ұстаған болатын.