Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғындары әлеуметтік желіде Сарысу өзеніне кәріз суының ағызылып жатқаны таспаланған видео жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Видеоны түсіріп тұрған ер адамдар өзен суына жаз бойы балалардың шомылатынын, мал суарылатынын айтып, шағымданған.
Жаңаарқа ауданының әкімдігі бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Кәріз суын тазалайтын станциясға баратын магистральда 2021 жылдың 11 ақпаны күні диаметрі 300-дік труба тесілген болатын. Ол магистраль толығымен тоқтатылып, кәріз суы қосалқы құбыр арқылы жіберілді. Арнайы комиссия тексеріп, құбырдың жарамсыз жерін анықтады және жөндеу үшін қаражат қарастырылатын болды. Көктем мезгілі болысымен аталған құбыр толық жөндеуден өтетін болады. Қазіргі таңда еш қауіп жоқ, қосымша құбыр арқылы кәріз суы тасымалдануда» деп пікір қалдырған әкімдіктің баспасөз қызметі.