Қостанайда қос сыныптас арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оның полиция қызметкері екені анықталып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Ал қаза тапқан қала тұрғыны жеке емханада жұмыс істеген көрінеді. Тергеу барысын департамент басшысы тікелей бақылауына алғанын хабарлады. Полицейдің қару кезенуіне не түрткі болды?
Қанды оқиға қаладағы Тәуелсіздік көшесінің бойында наурыздың сегізі түнгі сағат шамамен үш кезінде болған. Полиция қызметкері өз сыныптасын дәл осы жерде атып өлтірсе керек. Өйткені ақ ұлпа үстінде қанның қызыл дақтары қалған. Кісі өлімі жайлы алғаш естігеннің бірі Қадырхан Утин. Белгілі блогер жедел оқиға орнына жетіп, түн ортасында видео түсіріп, желіге жүктеген.
«Түнгі таксист. Бізде рация бар. Сол арқылы жүреміз бір-бірімізге информация беріп, қайда не болды. Ютуб каналым бар. Не көргенімді соған саламын. Оқиға болған соң. Кәдімгідей бізде қалада болмаған оқиға ғой. Барып түсіріп, көрсеттім енді», - дейді блогер Қадырхан Утин.
Полицей атып өлтірген жігіт Қостанайдағы темір жол ауруханасында жұмыс істеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы оны растады. Емхана өкілдері 37 жастағы жігіттің анасына көмекші болғанын, екеуі кабинет жалдап науқастардың тісін емдегенін айтты.
«Ол кабинетте анасы жұмыс істейді. Сондықтан баласы келгісі келгенде келіп, оған көмектесіп жүретін. Директордан анықтауыңызға болады. Ал қазір сіздерді ешқайда кіргізбейміз», - дейді Қостанай темір жол ауруханасы директорының орынбасары Мәрзия Исказина.
Полицияның баспасөз қызметі бұл күні брифинг өткізбек түгілі, тілшілермен телефон арқылы тілдесуден қашты. Тек департамент басшысы Бекет Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында, оқиғаның жай-жапсарын жазып, тергеу барысын жіті бақылауына алғанын мәлім еткен.
«Бұрын сотталған сыныптасы 8 наурыз күні түнгі сағат 3-те мас күйінде көлікке мініп таныстарымен бірге полиция қызметкері тұратын мекенжайға келеді. Үйінен өз атына тіркелген қаруын бірге ала шыққан полицей өзіне қарай ұмтылған сыныптасын көреді. Жағдайды дұрыс бағалай алмаған қызметкер өз атына айтылған қоқан-лоқыны естіп, мылтық шүріппесін басып қалған. Жәбірленуші сол жерде жан тапсырды. Қазір полиция қызметкері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 99-бабында көзделген кісі өлтіру қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеу, сондай-ақ қызметтік тергеу басталды», - деді Қостанай облысы полиция департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетов.
Аймағамбетов сыныптасын атып тастаған қызметкердің департамент құрылымында басшылық қызмет атқармағанын, қарапайым бағдарламашы болғанын атап өтті. Сондай-ақ оған қарсыласы сыныптастарының ортақ чатында неше түрлі жазба жіберіп қоқан-лоқы көрсеткенін жариялады. Егер қызметкердің кінәсі дәлелденсе, сегіз жылдан, он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.