Отандық әнші Меруерт Түсіпбаева желіде ұлына белгісіз бір әйелдің жақсылық жасағанын айтты. Өнер иесі Instagram парақшасында көпшілікке жан сырын ақтарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әншінің айтуынша, ол баласы есейе келе үнемі ұл балаларға көмек көмектесуге тырысқан.
"Бүгін мен тебіренген күн болды. Қуаныштан көзіме жас келді. Білесіздер, мен көпбалалы отбасыда өстім. Қыздардың үлкені болғандықтан, бауырларымды сүйреп, ерте есейдім. Кішкентай кезімнен бауырларымды бағып, қаққандықтан, көпбалалы ана болуға тырыспадым. Құдай сол тілегімді қабыл алған-ау, бір тал бала берді ғой. Шүкір! Балам есейе келе қолымнан келгенше, әсіресе, ұл балаларға көп көмек беруге тырыстым.
Сол сәтте, ішімнен "Баламның алдынан жақсы адамдар шықсыншы" деп сұрайтынмын. Жақсылық жерде қалмайды екен, ағайын. Бүгін көзім жетті. Бүгін бір қиын жағдайда балама жөн сілтеп, бір әйел көмек берді. Жай ғана "Бұл бір қазақтың баласы ғой. Ертең болашағына кедергі болмасыншы" деп уақытын бөліп, қолын бір сілтемей, ақылын айтты. Менің балама өз баласындай қараған бейтаныс жан, аман болыңыз! Бала түгілі ересектер қателеседі, пендеміз ғой. Көзге көрінген балаларымыз жақсы адам болсыншы. Өзіміз бала өсіріп отырмыз, ешкімнің баласын жамандамайық, табаламайық, сөкпейік", - деді Меруерт Түсіпбаева.
Желі қолданушылары әншінің бұл жазбасымен келісетінін айтып, пікір қалдырды.
"Дұрыс айтасыз", "Жақсы сөзіміз бен ісіміз жақсылық болып оралады", "Сөз иесін табады", "Жақсы болсын, жаман болсын, әркім өз ісіне жауапты", "Менің де екі ұлым бар. Солардың алдынан тек жақсы адамдар жолықсын деп тілеймін", "Келісемін", "Сөзіңіздің жаны бар", - деді желідегілер.