$ 441.58  480  4.86

«18+, 21+ фильмдерді де түсіріп көруіміз керек»: Актер бүгінгі кино саласының кемшін тұстарын айтты

Біздің еліміздің өзі де, кино саласы да азат болғанына отыз-ақ жыл болды.
Фото: instagram.com/nurdaulet_shertim
Фото: instagram.com/nurdaulet_shertim

Көрерменге көңілді тапқырлар клубы арқылы танылған әзілкеш Нұрдәулет Шертім қазір кино саласында жүр. Актер соңғы түскен фильмі, жоспары, қазақстандық фильмдерге қатысты ойы туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жақында үлкен экранға жол тартқан "Белгісіз батырлар" фильміндегі алып шыққан рөліңіз қандай? Одан не күтесіз?

"Белгісіз батырлар" фильмінде белгілі батырдың образын сомдадым. Күш-жігері мықты, рухы биік, өзінің мысы бар батыр болдым. Бірақ көп алдына шықпаған, резервтегі адам болдым. Ауылдың басына күн туған шақта еліне көмектесу үшін барын салып, фильмнің оқиғасын алып шығады.

Осы фильмге шақырту алғанда неге мән бердіңіз? "Мынандай образдарға түспеймін" деген қағидаңыз бар ма?

Ұсынған рөлдің бәріне түсе бергің келеді, әрине. Бірақ фильмнің продюсері кім, режиссері кім, актерлік құрам қандай, сценарийі қалай өрбиді деген сұрақтар бойынша бәрін бір шолып шығамын. Көңілден шықса, фильмге түсуге келісемін.

Ал режиссерлер актерларға біртипті рөлдерді ұсына береді, басқа бағытта сынап көруге қорқады деген ойға көзқарасыңыз қандай?

Режиссерлер біртекті рөлдерді ұсынады деген пікірге келіспеймін. Себебі олар кәсіби көзқараспен қарайды ғой. Мысалы бір актер тек қана күзетшінің рөлін тамаша алып шығады, бірақ оған бастықтың рөлі келмейді. Режиссер соны біледі. Әр сценарист, режиссер, оператор өз туындысын өзінің шығармашылық ұшқырлығымен жасайды. Олардың жұмысын сынай алмаймын. Негізі актер болғаннан кейін, рөлді таңдамау керек. Кішкентай рөл болмайды ғой. Оның үстіне образды шығару, теориядан емес, практикадан шығады. Сол үшін алдыңа келген рөлге мұрын шүйіріп қарамай, оған практика ретінде қарап, оған түсіп шынығу керек. Сонда ғана актер өз рөлін табады. Оның пайдасы тимесе, зияны жоқ.

"Белгісіз батырлар" - комедия. Осы орайда "ата-бабамызды, өткен шағымызды әзілге айналдырды" деген сын тағылса, сіздің реакцияңыз қандай болмақ?

Біздің еліміздің өзі де, кино саласы да азат болғанына отыз-ақ жыл болды. Әр нәрсенің даму жолында "қисық" туынды болады. Оны даму тарихындағы қателік деп есептеуге де болмайды. Қателік болмаса, алға жылжу да болмайды. Егер сәтсіз кино шықса, ол елдің киноқорында бір нұсқа болып тұра береді. Біз тек комедия ғана емес, құбыжықты да, криминалистиканы да, жас категориясына сай 18+, 21+ фильмдерді де түсіріп көруіміз керек. Қазір біздің елде комедия ғана өтімді болып тұр. Және оны да түрлі стильде түсіріп көру керек. Мысалы бұл фильмнің сценарийінде баяндалған ғасырда да шынымен күлкілі болған, шынымен сатираға арқау боларлық жағдайлар болған шығар. Мүмкін содан осы заманда сабақ алармыз. Себебі дамыған елдерде күлкіге бағытталған туындыларға қарап, намыстанбай, керісінше өзімен жұмыс істеуге кіріседі. Біз де комедияны жиі түсіріп жатырмыз. Ондағы барлық оқиғаны өзімізге сабақ қылуымыз керек.

Өнерде айдынында өзіңізбен қатар жүзген бауырларыңыз үлкен экрандарда фильм ұсынып, кассаларды жарып жүр. Сіздің түсіретін фильм қандай тақырыпты қозғамақ?

Қандай фильм түсіретінім құпия болып қалсын. Өзім де ол жайлы ойлану үстіндемін. Ал қашан, қалай түсіретінім туралы айтқым келмейді. Қазір "Белгісіз батырлар" сынды толықметражды фильм түсіріп жүргендерден үйреніп жүргенім көп. Әр түскен кином, әр түскен сериалым, әр жазған сценарий - мен үшін тәжірибе. Осы арқылы өзімді шыңдап, қорымды толықтырып жүрмін. Қазір "фильм түсір" дейтін болсаңыз, беталды түсіре салуым мүмкін. Бірақ әлі білмесім бар болуы мүмкін. Әзір осы саланы зерттеу үстіндемін. Бұл жерде ақша құйып, оны ақтай алмасаң үлкен стресске әкелуі мүмкін ғой. Сондықтан үлкен экранға кино түсіре салу - өте қиын. 

Дереккөз: KAZ.NUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары