$ 443.44  480.51  4.88

«Көп әйел алуға қарсы емеспін». Zheka Fatbelly тоқал алуды қолдайтынын айтты

Күйеуі тоқал алған мен білетін бәйбішелердің ешқайсысы көп әйел алуды қолдамайды. Тіпті пайғамбарымыздың әйелдері де қызғанышын ашық білдірген.

Фото: instagram.com/zheka_fatbelly
Фото: instagram.com/zheka_fatbelly

Көпшілік арасында Zheka Fatbelly лақап атымен танымал Жеңіс Омаров “Замандас” бағдарламасына берген сұхбатында көп әйел алуға қатысты ойын ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Блогер тоқал алу тақырыбында өзі пікірін ашық білдіріп, екінші әйел алуды қолдайтынын айтты. 

“Көп әйел алуға қарсы емеспін. Менің бұл мәселеге көзқарасымды әйелім де біледі. “Еркек көп әйелді Алланың разылығы үшін алу керек және оның күш-жігері мен ниетінің дұрыстығы маңызды. Мәселе осыда. Жаратқан еркекке көңіл көтеру үшін немесе қызық үшін бірнеше әйел алуға рұқсат еткен жоқ. Қазақта жесір әйел қаңғырып кетпесін деген мақсатта жасалатын әмеңгерлік деген салт бар. Қазір де жалғызбасты аналар жоқ емес. Әмеңгерлік халықты күнә жасаудан сақтайды және әйелдердің тентіреп далада қалмауы үшін жасалады. Егер еркек әйелімен 20-30 жыл бірге тұрып, жарынан жалығып, екінші әйел аламын десе, мен мұны сатқындық дер едім. Әйелімнің қызығы кетіп, “жас иіс” іздейтін болсам нәпсінің жетегінде кеттім деген сөз”, – дейді Zheka Fatbelly. 

Жақында шаңырақ көтерген блогер келіншегімен тоқал тақырыбында сөйлескен. 

“Әйелім “Көп әйел алуға қалай қарайсың? Мен сенің жалғыз әйелің болғым келеді” деді. Мен: “Жақсы, ол туралы қазір сөйлескім келмейді” деп жауап бердім. “Иә” немесе “жоқ” деп үзілді-кесілді жауап айтқан жоқпын. Оның бәрін уақыт көрсетеді. Шариғатта көп әйел алуға рұқсат берілген. Екінші әйелді Алланың разылығы үшін алсаң және бұл шешімді қабылдауға бойыңдағы нәпсінің әсері болмаса, менің еш қарсылығым жоқ. Бірақ ондай дәрежеге дейін жету мүмкін бе, жоқ па білмеймін”, – дейді блогер.

Жеңіс келіншегінің көп әйел алуға қарсы екенін де жасырмады.

“Әрине, қарсы болады. Күйеуі тоқал алған мен білетін бәйбішелердің ешқайсысы көп әйел алуды қолдамайды. Тіпті пайғамбарымыздың әйелдері де қызғанышын ашық білдірген”, – дейді Zheka Fatbelly тарихты тілге тиек етіп.

Алайда блогердің бұл сөздері желі қолданушылары жақпай қалды. 

“Тоқалдық туралы айтқанда сұхбатты өшіріп тастадым, рахмет”, “Оны тыңдаудың қажеті жоқ. Дінді тықпалап қоймайды”, “Босқа кеткен 3 сағат уақытым”, “Сұхбатқа шақыратын басқа ешкім табылмады ма?”, “Далбаса әңгіме”, “Сенің дін туралы айтатын жөнің жоқ”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары