Еліміздің барлық аймақтарын су басып жатыр, өкінішті…
Хит әндердің орындаушысы, әнші Асхат Тарғын туған жерінің су астында қалғанын айтып, жергілікті билік өкілдерін кінәлады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысы, Ырғыз өңірінің халқы су тасқынынан қатты зардап шегіп жатыр.
«Осының бәрі – 30 жыл бойы түк істелмегеннің кесірі. Ақтөбе қаласының ішінде су ағар арықтар жоқ, қала сыртында су ұстайтын дамбы жоқ. Ауылдағы жағдай мүлдем нашар. Қаншама үй, қаншама мал-мүлік суға кетті. Кімді кінәлаймыз?! Тағы да халықты ма?! «Апат айтып келмейді» деп құтыла салады, әйтеуір. Бұл апат айтып келді. Өйткені қыста барғанымда даланың қары жылдағыдан өте көп жауғанын көзіммен көрдім. Айтып едім «мына қар ерісе даланы, ауылды су басады» деп. Айтқаным келді. Еліміздің барлық аймақтарын су басып жатыр, өкінішті… Сергекті көбейткенше, болмайтын насыбаймен айналысқанша, осы су басу қаупіне дайындалу керек еді. Алдын ала іс-шараларды жасау керек еді. Сөзім жоқ. Алла жар болсын халқыма», – деп жазды әнші.